Елордадағы Beeline Arena спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер және жастар арасында Азия чемпионатының салтанатты ашылуы рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Азия бокс конфедерациясының (ASBC) Бас хатшысы - Али Саламе, IBA Президенті - Умар Кремлев, Қазақстан бокс федерациясының Президенті Кеңес Рақышев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Бокс ең танымал спорт түрі болғандықтан адамдардың жүрегінде ерекше орын алады және миллиондаған көрермендердің назарын аударады. Қазақстандық бокс мектебі әлемдік спорт аренасында құрметті орынға ие және көшбасшылардың бірі саналады. Мысалы, Тәуелсіздік жылдарында отандық боксшылар олимпиаданың 7 алтын, 7 күміс және 10 қола медалін жеңіп алды», - деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, 23 қазан - 3 қараша аралығында сары құрлықтың 23 елінен келген 500-ге жуық жас спортшы Азия чемпионы атағына таласады.
Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді.
Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 2-3 қарашада анықталады.