Астанада бокстан өткен спаррингтік турнирде кімдер жеңілді

9 Сәуір, 01:31 810

Бүгін Астанада жанкүйерлер асыға күткен турнир – олимпиадалық салмақ түрлері бойынша спаррингтік бәсеке басталды. Қазақстан бокс федерациясы мен бапкерлер құрамы әлі жолдама алмаған салмақтарда өзара мықтыларды анықтап, Таиландтағы соңғы лицензиялық жарысқа баратын боксшыларды кішігірім турнир арқылы бақылауда. Алғашқы жарыс күнінде шаршы алаңға жеті жұп көтеріліп, бір жеңімпаз бен алты жартылай финал қатысушысы анықталды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Зейнуллинов - Базарбайұлы

olympic.kz/Sabirov Sali

Алдымен 63,5 келі салмақта ширек финалдық кездесу өтті. Бұл жекпе-жекке қатысқан екі боксшы да лицензиялық турнирде бақ сынап, жолдамадан құр қалған болатын. 

Ханчжоудағы Азия ойындарының қатысушысы Ертуған Зейнуллинов пен Италиядағы лицензиялық жарысқа барып қайтқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы арасындағы тартыс соңғысының жеңісімен аяқталды. Зейнуллинов үшін Мұхаммедсабыр алынбас қамал  болып тұр. Ол 2022 жылғы Қазақстан Спартакиадасында да Ертуғаннан басым түскен еді. 

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жартылай финалда осы салмақтағы танымал боксшылардың бірі Жандос Қарабалиевпен кездеседі. 

Балқыбекова – Қызайбай

olympic.kz/Sabirov Sali

50 келі салмақта лицензиялық турнирге қатысудан екі боксшы ғана үмітті еді. Назым Қызайбай жазғы Азия ойындарында, Алуа Балқыбекова Италиядағы лицензиялық турнирде жеңілген соң, соңғы мүмкіндік үшін екеуара кездесу өткізді. Бір бапкерде тәлім алатын боксшылардың жекпе-жегі Назым Қызайбайдың жеңісімен аяқталды. 

Алуа Балқыбекова қол-аяғының ұзындығын пайдала алмай, жекпе-жектің соңғы екі раундында сылбыр жұдырықтасты. Осылайша, Таиландтағы лицензиялық турнирге бару құқығын Назым әділетті түрде жеңіп алды. Енді ол алаңсыз Олимпиадаға іріктеу турниріне дайындалады. 

Шекербекова – Мұздыман

olympic.kz/Sabirov Sali

Ең көп боксшылар жиналған салмақ – әйелдер арасындағы 54 келі салмақ дәрежесі. Мұнда 8 боксшы сынға түсіп жатыр. Алғаш боп   шаршы алаңға тәжірибелі Жайна Шекербекова мен соңғы кездері кәсіби бокста бақ сынап жүрген Балауса Мұздыман көтерілді. Жекпе-жек толығымен Жайнаның басымдығымен өтті. Төрешілер Шекербекованы бірауыздан жеңімпаз деп таныды. 

Сәрсенбек – Базарова

olympic.kz/Sabirov Sali

54 келідегі тағы бір тартысты жекпе-жек Қазақстан чемпионы Ұлжан Сәрсенбек пен 2023 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Элина Базарова арасында өтті. Тап осы боксшыларды бапкерлер болашақ жұлдыздар қатарына қосып отыр. Одан бөлек, әйелдер құрамасына бас бапкер болып сайланған Елдос Сайдалин де екі спортшыны жақсы біледі. Түркістан облысы мен Шымкент өкілінің арасындағы жекпе-жекте алғашқысы жеңіске жетті. Ұлжан Сәрсенбек ертең Жайна Шекербековамен бірге финал жолдамасын сарапқа салады.

Жоламан – Әлиасқар

olympic.kz/Sabirov Sali

Әйелдер боксынан Қазақстан командасы үздіктерінің бірі, әлем және Азия чемпионы Дина Жоламанның соңғы сәтте өтінім бергені жарыс көрігін қыздыра түскен. Алайда, Қазақстанның 9 дүркін чемпионы жас әрі талантты боксшы Сымбат Әлиасқарға қауқар көрсете алмады. Жекпе-жекте төрешілер Сымбатты жеңімпаз деп танып, келесі айналымға жолдама берді. 

Сұлтанқызы – Сақыш

olympic.kz/Sabirov Sali

Жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Анель Сақыш мен тәжірибелі Сәния Сұлтанқызының арасындағы жекпе-жек те тартымдылығы жөнінен өзгелерден кем түскен жоқ. Бірінші және үшінші раундта белсенділік танытып, нық әрі жойқын соққыларымен көзге түскен Анель жартылай финалға өтті. Ол Сымбат Әлиасқармен өзара мықтын анықтайды. 

Шәкімова – Богданова

olympic.kz/Sabirov Sali

Қазақстан әйелдер боксындағы көрнекті спортшылардың бірі, екі дүркін Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының жүлдегері Дариға Шәкімова ұзақ үзілістан соң шаршы алаңға қайта оралған. Алайда, бүгін Азиада жүлдегері Наталья Богдановаға айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Кездесу нәтижесі бойынша Богданова келесі айналымға өтті. 

Ертең спаррингтік турнирде жартылай финал жекпе-жектері өтеді. 

Зарина Арман
Бөлісу: