Астанада бір түнде екі көлікке ұрлыққа түскен адам ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz-тің мәліметінше, жәбірленушінің бірі полицияға Әуезов көшесіндегі үйдің ауласында тұрған Lada Priora автокөлігінен автомагнитолла, планшет, әмиян ұрланғанын хабарлаған.
Автокөлік иесі ұрлық жасалғанын таңертең ғана байқаған. Сол күні полицияға қаланың басқа тұрғынынан осыған ұқсас арыз түскен. Күдікті Mercedes Benz автокөлігінің салонынан ақшаны ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 41 жастағы қала тұрғынын анықтады. Күдікті түнде есігі ашық қалған көліктерді іздеп, олардың тұтқаларын тартып көрген.
Қазір ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған адам мойындау көрсетпелерін берді. Оның Астана қаласында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.