Астанада бір түн ішінде екі ұрлық жасаған күдікті ұсталды

24 Қазан 2023, 12:46 741

Астанада бір түн ішінде екі ұрлық жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы аудандық полиция басқармасы бөлімінің қызметкерлері бір түнде екі рет ұрлық жасады деген күдікпен 46 жастағы ер адамды ұстады.

Шамамен сағат 03:40-та астаналық тұрғын үй кешенінің коммерциялық үй-жайына кілт таңдау арқылы кіріп, кескіш болгарка, балғалы бұрғы, дәнекерлеу аппараты мен кабельді жымқырып кеткен. Сол түні таңдалған кілттерді пайдалану арқылы көрші пәтерге де кіріп, Samsung теледидарын ұрлап шыққаны белгілі болған.

Тергеу барысында сол жердегі көрші пәтердің тұрғыны тергеушілерге күдікті болып көрінген. Сұрастыра келе ұрланған теледидарды кейін полицейлер оның пәтерінен тауып алған. Күдікті тұрғын үй кешені аумағынан алып кеткен құрылыс құралдарын сатып алушыларға өткізіп жібергені де анықталды. Олардың барлығын полицейлер тәркілеп, иесіне қайтару жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі уақытта полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Анықталғандай, қылмыстық іске қатысы бар азаматтың 2020 жылы ұрлық жасағаны үшін жауапқа тартылғаны да белгілі болған. Қазіргі уақытта оның елордада бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: