Астанада бес құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды: тізім жарияланды

27 Тамыз, 22:14 529

Елордада бес құрылыс компаниясы кейбір лицензия түрлерінен айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, 2024 жылы жүргізілген жоспардан тыс тексерулер шеңберінде «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ 426 бұзушылықты анықтап, жол берілген бұзушылықтарды жоюға 192 ұйғарым берді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 2-бөлігі бойынша Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен сапасыз құрылыс-монтаж жұмыстарын орындағаны және мемлекеттік нормативтерді бұза отырып, жобалық құжаттамадан ауытқығаны үшін бес компания құрылыс лицензияларынан айырылды, - делінген мәліметте. 

Компаниялар тізімі:

- «Пром Строй Гарант Кз» ЖШС ғимараттар мен құрылыстардың, оның ішінде көпірлердің, көлік эстакадаларының, тоннельдер мен жол өтпелерінің, нысандарды күрделі жөндеуді және реконструкциялауды қамтитын өзге де жасанды құрылыстардың тірек және қоршау конструкцияларын салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысуға II санаттағы лицензиядан айырылды.

- «Granite» ЖШС ғимараттар мен құрылыстардың тірек және қоршау конструкцияларын күрделі жөндеу мен реконструкциялауды, тұрғызуды, топырақтағы арнайы жұмыстарды қамтитын инженерлік желілер мен жүйелердің кіші түрлері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысуға ІІ санаттағы лицензиядан айырылды.

- «Ғимараттар мен құрылыстар құрылысы» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензиядан айырылды.

- «Sheberbuild» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуға 2023 жылғы 18 қазандағы №23022845 лицензиясынан айырылды.

- «Астана-Көктем С» ЖШС 2022 жылғы 25 қарашадағы №0000360 ғимараттар мен құрылыстардың, оның ішінде көпірлердің, көлік эстакадаларының, тоннельдер мен жол өтпелерінің, нысандарды күрделі жөндеу мен реконструкциялауды, оның ішінде шатыр жабындарын қоса алғанда, тірек және қоршау конструкцияларын тұрғызудың, монолитті орнату, сондай-ақ құрама бетон және темірбетон конструкцияларын монтаждау, қабырғалар мен бөлімдердің дана элементтерін қалау және ойықтарды толтыру, топырақтағы арнайы жұмыстар, оның ішінде негіздерді салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысуға лицензиясынан айырылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: