Астанада балалардың құқығын қорғауға қатысты дөңгелек үстел өтті

6 Наурыз, 18:00 920

Елордада «Орта білім беру жүйесінде балалардың құқықтарын қорғау» атты дөңгелек үстел форматында сараптамалық пікірталас өтті. Іс-шараны «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы»  ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алғаш болып «Талдау» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсел Қамбатырова сөз сөйледі. Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова өз баяндамасында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. «Право» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль балалар құқығын қорғаудағы ҮЕҰ-ның рөлі туралы айтты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының білім беру теориясы мен әдістемесі орталығының директоры Анар Тәңібергенова «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы бойынша баяндама жасады.

Дөңгелек үстел аясында «Талдау» АҚ бас сарапшысы Надежда Дыбачевская халықаралық зерттеулер призмасы арқылы буллинг және бала қауіпсіздігі туралы презентация жасады, «Талдау» АҚ маманы Айя Қазбекова балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректер жинау туралы мәселені тілге тиек етті.

Шараға мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірқатар сарапшысы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Орта білім беру жүйесінде «Заң және Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге арналған дөңгелек үстелді «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» ұйымдастырды.

Сараптамалық пікірталаста құқық бұзушылықтың барлық түрлеріне ымырасыз көзқарас пен заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және өскелең ұрпақты саналы азамат құндылықтарына сай тәрбиелеу мақсатында қызықты сұрақтар мен пайдалы ұсыныстар айтылды.

Сарапшылардың ұсынымдарын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ескеретін болады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: