Елордада «Kids EXPO. Балалар әлемі» балалар тауарлары жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы ұйымдастырды. Аталмыш жәрмеңке биыл дәстүрлі түрде екінші рет өткізіліп жатыр.
«QazExpoCongress» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Гүлжан Сергебаева іс-шараға 60-тан астам кәсіпкер қатысуға ниет білдіргенін айтты.
Жәрмеңке шеңберінде концерт, Қуыршақ театрының қойылымы, цирк қойылымы, сән, мультфильм көрсетілімі өтеді. Сондай-ақ қайырымдылық шарасы да ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың ішінен 13 кәсіпкер 16 балаға мектепке арналған керек-жарағын дайындады. Бұл тізімге көп балалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар енді, - деді Гүлжан Сергебаева.
Іс-шараға қатысушы кәсіпкер Шынар Абдрасулова балаларға ұйымдастырылған жәрмеңкелерге жыл сайын қатысып отыратынын жеткізді.
Барлық ата-ананың балаларының жағдайын жасап, мектепке дайындауға мүмкіндігі бола бермейді. Сол себепті оларға кішігірім болса да көмек көрсеткім келді. Бүгінгі жәрмеңкеде біз бір балаға жолдорба мен кеңсе тауарларын дайындап бердік. Осылайша оған жәрдемімді беріп, сауапты іс жасаудан құр қалғым келген жоқ, - деді кәсіпкер.
Ал бүгінгі жәрмеңкеге өз тауарын алып келген дизайнер Жанар Әбдіқадыр балаларға арналған жәрмеңкенің ата-аналарға мектепке қажеттіні қолайлы бағамен сатып алуға тиімді екенін атап өтті.
Жәрмеңкенің өтетінін естей сала оған қатысуға бірден ниет білдірдім. Себебі біздің балаларға арналған тауарымыз өте тиімді бағада ұсынылып жатыр. Бұл іс-шара балаларын мектепке әлі дайындап үлгермеген ата-аналарға үлкен көмек болады, - деді ол.
Айта кетейік, жәрмеңке 18-20 тамыз күні сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін өтетін болады.