Астанада балабақша меңгерушілері балалардың тамағына бөлінген қаражатты жымқырған

5 Тамыз, 12:17 592

Мектепке дейінгі бес ұйымның меңгерушілері және олардың көмекшілері балаларды тамақтандыруға арналған ақша қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, бұрынғы балабақша басшылары мәзірге сәйкес қажетті азық-түлік көлемін көрсете отырып өтінімдер берген. Бұл ретте алдын ала өнім берушімен қылмыстық сөз байласып, олар толық жеткізілім туралы құжаттарға жалған мәліметтер енгізген.

Қылмыстық схеманың бастамашысы және қылмыстық келісімнің тікелей ұйымдастырушысы бұрын сотталған олардың сыбайласы (өнім беруші) болған. Сот үкімімен балабақша меңгерушілеріне тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, мәжбүрлі еңбекке тартуға және мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салуға сотталды, - делінген мәліметте.

Жеңілдететін мән-жайлар ретінде меңгерушілердің келтірілген залалды өтегені, кінәларын толық мойындағаны және олардың кішкентай балаларының бар екендігі танылды.

Ұқсас қылмыстар үшін өтелмеген соттылығы болған олардың сыбайласы 4 жыл бас бостандығынан айырылды.

Жымқырған 35 млн теңгеден астам қаражаттың барлығы бюджетке қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: