Астанада әйелін өлтірді деген күдікпен бұрынғы министр ұсталды

9 Қараша 2023, 21:24 1346

Астанада бірнеше сағат бұрын бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қолға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Kozachkov offside телеграм-арнасы таратқан ақпаратқа сәйкес, экс-шенеунік әйелінің денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінді. Жұбайы оқиға орнында көз жұмған.

Алдын ала деректерге сәйкес, жемқорлық қылмыс жасағаны үшін бұған дейін істі болған бұрынғы министр мас күйінде жұбайын өздерінің Достық көшесі, 16 мекенжайында орналасқан «Bau» мейрамханасының маңында соққыға жыққан.

Өлімге әкелген ауыр дене жарақатын салған күдікті Қуандық Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.

Естеріңізде болса, Қуандық Бишімбаев 2017 жылы қаңтар айында қамауға алынып, 2018 жылы наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы Ұлттық экономика министріне шыны зауытының құрылысынан 1,2 миллиард теңге жымқырды және ірі көлемде пара алған деген айып тағылған болатын. Бірақ ол 2019 жылы бостандыққа шықты.

Әлеуметтік желілерде Қуандық Бишімбаевтың марқұм болған әйелінің есімі 1992 жылы дүниеге келген Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы екендігі айтылуда.

Ол – экс-министрдің екінші жұбайы. Сот істеріне қатысып танылған Назым атты бірінші әйелімен Бишімбаев бостандыққа шыққан соң ажырасып кеткен.

Бишімбаевтың төрт баласы бар, үшеуі – бірінші некесінен, ал екіншісі некесінен бір бала тәрбиелеп отыр.

El.kz редакциясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті органдарға сауал жолдады.

Перизат Саденова
Бөлісу: