Астанада «Ауыл» партиясының сайлауалды штабы ашылды

18 Ақпан 2023, 20:12 1754

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді

Астана қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы сайлауалды штабының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Іс-шарада үгіт-насихат жұмыстарының негізгі бағыттары айқындалды, «Ауыл» партиясы сайлауалды штабының құрамы, бағдарламасы таныстырылды.

Штабтың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері, Жастар қанатының өкілдері қатысты, сондай-ақ 20 өңірлік штаб қызметкерлері онлайн қосылды.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев кіріспе сөзінде саяси науқанның маңыздылығына және үгіт-насихатта назар аударылуы  керек негізгі мәселелерге тоқталды. Іс-шарада партияның сайлауалды бағдарламасы – «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне негізделген даму курсы» таныстырылды.

««Ауыл» партиясы ауыл проблемаларын біледі және оларды шешу бойынша нақты көзқарасы бар. Біздің саяси платформамызда жалпы ауылдық аумақтарды және әрбір ауылдық елді мекенді дамытуға, атап айтқанда, олардың экономикасы, әлеуметтік, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымы тәрізді мәселелері өткір тұрған жайттарға маңызды рөл берілген. Біз үшін Ауыл әрқашан басымдық пен құрметке ие! Ауыл төрге шықсын!», - деді Әли Бектаев.

Партия үгіт-насихат жұмыстарымен Қазақстанның барлық өңірін қамтуды жоспарлап отыр. «Ауыл» партиясының сайлауалды штабтары бүгінде еліміздің барлық өңірінде – 165 ауданда, 40 облыстық маңызы бар қалада, 20 облыс орталығында, Шымкент, Алматы және Астана қаласында ашылуда. Қоғамдық штабтар 1,5 мыңға жуық белсенді мен еріктілерді қоса алғанда, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.      

EL.KZ
Бөлісу: