Республика күніне орай ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша қала мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты мегачеллендж басталды. Барлық білім беру ұйымдарының оқушылары рухты көтеретін патриоттық әндерді орындайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, бұл ретте Астанадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.
Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың отансүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құрметін арттыру.
Сондай-ақ мереке аясында бүгін білім беру ұйымдарында барлық сыныптар арасында «Республикам – мақтанышым» атты сынып сағаттары өтеді. Онда оқушылар танымал адамдармен кездеседі.
Республика күні – біздің басты ұлттық мерекеміздің бірі. Бұл біз үшін айрықша мағынаға ие. Астана қаласы Білім басқармасы мереке аясында білім беру ұйымдарында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ояту, - деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.
Баспасөз хатшысының айтуынша, аталған челлендж 24 қазанға дейін жалғасады және барлық мектептерді қамтиды.
Айта кетейік, 25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі. Олардың арасында мерекелік концерттер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандар бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар бар.