Астанада асық атудан қалалық жарыс өтіп жатыр

30 Тамыз, 16:10 1065

Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында «Конституция күніне» арналған жастар мен ересектер арасында асық атудан қалалық ашық кубогы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Аспан» спорт кешенінде ұйымдастырылған бұл асық ату ойындарына ерлер және әйелдер болып Павлодар, Ақмола облысы сияқты сырт өңірлерден, қаланың бес ауданынан және Көкшетау қаласынан келген 16 команда өзара бақ сынасуда.

Ойын барысында ұйымдастырушылар асық ату ойынының бүгінгі таңдағы даму барысына тоқталды. Оның қазіргі таңда айырықша дамып келе жатқанын, сондай-ақ ұлтымыздың тарихымен тұтасып жатқан бұл спорт түрінің мән маңызын атап өтті.

Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғатпен тығыз байланыста болып келеді. Оның үстіне ұлтымыз көшпенді халық болғандықтан, біздің тұрмыс-тіршілігіміз көбінде мал шаруашылығына негізделген. Сол себепті де қазақ халқының ұлттық ойындары осыған икемделген. Әсіресе төрт түліктің ішінде балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты. Сондықтан асық ойындары ұлттық ойындар ішіндегі ең көне спорт түрі деп атауға болады. Оның үстіне Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Міне, бұл біздің ұлттық ойындарымыздың бірден бір артықшылығы және құндылығы деуге болады, - дейді асық ату спортынан Астана қаласының аға жаттықтырушы Ескендір Рахметов.

Жалпы 60-ға жуық 18 жастан асқан спортшылар қатысқан бұл кубогқа 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алған спорт шеберлері де қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте Астанада өтеді. Іс-шараға әлемнің 89 елінен 2500-ден астам адам қатысады деп күтіліп отыр.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: