Астанада ашық құдықтар мәселесі қалай шешіліп жатыр

13 Қараша 2023, 20:02 622

Елордада люктер мен ашық құдықтарды ұрлау мәселесімен күресу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жыл басынан бері iKomek109 бірыңғай байланыс орталығына ашық құдықтар туралы келіп түскен өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Сондай-ақ, ашық люктер қала бойынша жүйелі рейдтер кезінде анықталады. Қала тұрғындарын қорғау үшін люк қақпақтарының астына металл торлар орнатылады. Бұл ең алдымен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер маңына қойылады.

Қаланың шетінде, бос тұрған жерлерде құдықтар бетон тіректермен жабылған, оларды қажет болған жағдайда арнайы техниканың көмегімен жылжытуға болады.

Люк қақпақтарын ұрлауға оңай табысты ұнататындар қызығады. Себебі олар металл сынықтарын қабылдау пунктеріне өткізіп, ақша алуға болады. Сондықтан елордада осындай пунктерді аралап, металл қабылдауға рұқсат беретін құжаттар тексеріледі. Жұмыс жыл бойы жүйелі негізде жүргізіледі.

Құдықтар ашық күйде табылған жағдайда немесе люк жартылай ашық тұрса iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 109 нөмірі арқылы шұғыл хабарлау қажет.

Перизат Саденова
Бөлісу: