Елордада Аqyl Battle CUP зияткерлік турнирінің финалына жолдама алған 20 аймақтан жиналған 20 команда бақ сынап жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында 14-35-ке толған жастар арасында ұйымдастырылған.
Жоба мақсаты – жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, шығармашылық пен зияткерлік дамуға жол ашу.
Ойын форматы жастар арасында трендке айналған зияткерлік мәдениетті қолдап, білімге қызығушылықты күшейтуді мақсат етеді.
Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ
«Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасының жетекшісі Бибінұр Шербаева биылғы ойынның ерекшелігін айтты.
Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ
Биыл алғаш рет Өзбекстан Республикасының ең танымал «Zakovat» зияткерлік ұйымынан «Зиялы жастар» командасы да қатысып, қазақ тілінде білімін сынауда. Олар жүлдеге таласпайды, тек қонақ ретінде қатысып, тәжірибе алмасады. Болашақта біз бұл зияткерлік ұйыммен серіктесіп жұмыс істегіміз келеді. Басты мақсатымыз – зияткерлік ойын арқылы барлық түркі халықтарының жастарын біріктіру, қазақ тілін, білімді дәріптеу, – деді ол.
Сондай-ақ Бибінұр Байжігітқызы аталмыш жоба әуелде мобильді қосымша ретінде бастау алғанын атап өтті.
Өткен жылдан бері ойын Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үлкен зияткерлік жобаға айналды. Болашақта біз оны халықаралық деңгейде шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді жоба жетекшісі.
Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ
Бүгінгі жоба жастар үшін маңызды әрі ерекше жарыс екені айтпаса да мәлім. Ойынның әділ, өз деңгейінде жоғары бәсекеде өтуіне тілектеспін. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жастар және отбасы істері комитетінің атынан ұйымдастырушыларға, келген қонақтарға алғыс білдіремін, – деді төраға орынбасары.
Бүгінгі сайыста жеңіске үмітті жандардың бірі Хадиша Біләл Қарағанды қаласынан келген.
Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ
Мамандығым – журналист, қазір 4-курста білім алып жатырмын. Ойынға Аqyl Battle қосымшасы арқылы қатысып үйрендім. Ойламаған жерден бүгінгі финалға дейін жеттім. Іріктеуден қаншама адам өтті. Солардың ішінде өзімнің Қарағандының атынан намысты қорғап шығатын жалғыз қыз болатынымды білмедім. Өкінішке қарай, ойынға Қарағандыдан қатысатын команданың толық құрамы жиналмады. Сол себепті мен бүгін Шымкент қаласының атынан қатысамын. Командамның аты – «Фаворит». Мұратбек Бақтыбай, Ақбөпе Сейдахметова үшеуміз бағымызды сынаймыз. Мақсатымыз – жүлделі орынға ие болу, – деді ойынға қатысушы.
Ал сайысқа Солтүстік Қазақстан облысынан келген Қуандық Жолтайұлы финалға дейін жеткеніне қуанышты екенін айтып жеткізді.
Сурет: El.kz/Арман МУХАТОВ
Мен тарих пәнінің мұғалімімін, жасанды интеллект сарапшысымын. Іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтіп, ақтық кезеңге жеткеніме қуанышым шексіз. Сайысқа дайындық өте жоғары деңгейде. Тобымыздың аты – «Қызылжар». Команда атынан менімен бірге Аманбек Сәбитов пен Дәурен Таласпай қатысады. Алдағы уақытта осындай турнирлерді өңіріміздің әр аймағында дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Финалда өте жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттемін, – деді Қуандық Жолтайұлы.
Суреттер: El.kz/Арман МУХАТОВ
Зияткерлік турнирдің жалпы жүлде қоры – 3 600 000 теңге. Ойын жеңімпаздары I орынға – 1 миллион 200 мың теңгені, ІІ орынға 900 мың теңгені иеленеді. Ал III орын алған команда 600 мың теңге, ІV орын алған команда 300 мың теңгені еншілейді. Сонымен қатар басқа командаларға қаржылай ынтыландыру сыйлықтары берілмек.
Аqyl Battle CUP зияткерлік турнирі финалының нәтижесі сағат 16:00-де белгілі болады деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін 20-22 мамыр аралығында зияткерлік сайыстың I кезеңі онлайн форматта «Aqyl Battle» мобильді қосымшасында өтті. Аталмыш жобаға еліміздің барлық аймағынан 1500-ден аса жас қатысып, келесі кезеңге 135 команда іріктелді.
Зияткерлік сайыстың II кезеңі 7-20 маусым аралығында төтенше жағдай болған аймақтарда онлайн Google meet платформасында, ал қалған облыстарда квиз форматында іріктеу турнирлері өтіп, 135 командадан 20-сы іріктелді, яғни мемлекеттік маңызы бар қалалар мен әр облыстан 1 командадан және «Креативті команда» байқауының жеңімпаздары финалға жолдама алды. Республикалық кезеңде 20 аймақтан 21 команда, 63 қатысушы бақ сынасады.