Астанада АҚШ-тың ковбойлары мен қазақтың көкпаршылары тәжірибе алмасады

18 Наурыз, 06:28 793

Астанада АҚШ-тың ковбойлары және мойны жуан бұқаны бағындарғандар қазақстандық атбегілермен және көкпаршылармен өзара тәжірибе алмасады. Бұл туралы Астана қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левиттің басқармаға бағынысты мекемелердің басшыларымен алдағы Наурыз мейрамы бойынша өткізген жиналыста мәлім болды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, жиын барысында Астанада
Наурыз мейрамын жаңа тұжырымдамаға сәйкес өткізу бойынша және 20 наурыз күні өтетін «Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасының атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қалалық Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов баяндады. 

Республика көлемінде алуан түрлі шаралармен 10 күн бойы аталып өтетін Ұлыстың ұлы күні мерекесі Наурызнама деп аталады. Осы онкүндіктің әр күніне мерекелік шаралар белгіленген. Осыған орай қалалық Спорт басқармасы Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесе отырып, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде көрсетілімдік қойылымдар өткізбекпіз. Яғни қала тұрғындары ұлттық спорттың көкпар, аударыспақ, теңге ілу және қыз қууды тамашалай алады. Ал тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сағатына тегін қатысады. Сондай-ақ кешенде қолөнершілер жәрмеңкесі болады. Елорданың барлық тұрғындары мен қонақтарын керемет күннің куәсі болуға шақырамыз. Тұрғындар үшін кіру тегін, - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің ішінде ұйымдастырылатын барлық мәдени-ойын-сауық іс-шараларын қала тұрғындары мен қонақтары көре алады.

Басқарма басшысы Василий Левит мейрамды тиісті деңгейде атап өтуге, тұрғындардың барлығы қатыса алатындай жағдай жасалуы тиіс екендігін атап өтті.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі елордада 20 наурыз күні өтетін іс-ша­расында отандық және шетелдік спортшылар өзара тәжірибе алмасатыны жайлы атап өтті.

Іс-шара таңғы сағат 10:00-ден түскі 15:00-ге дейін болады. Оған Америка Құрама Штаттарынан келген делегациялар арнайы қонақ ретінде қатысады. Сондай-ақ айтулы көрсетілімдік қойылымдарға америкалық ковбойлар қатысады. Мойны жуан бұқаны бағындарғандар біздің атбегілермен өзара тәжірибе алмасады. Шетелдіктерге қазақтың «көкпары» таныстырылады, - деді «Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов.

Қала әкімдігі ұйымдастыратын шара бір күнмен шектелмейді. 21-23 наурыз аралығында қаланың 5 нүктесінде спорттық сайыстар  өткізу көзделген. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.

Перизат Саденова
Бөлісу: