Астанада Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі сахналанды

20 Мамыр 2023, 09:00 2533

Ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесті екінші рет сахналанды. Драма Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында аншлагпен өтті. Қойылымға ҚР Мәдениет және Спорт минстрі Асхат Оралов пен зиялы қауым өкілдері қатысты. Режиссер Әли Бидахметтің жетекшілігімен қойылған спектаклге келген көрерменнің қарасы қалың, залда ине шаншар орын қалмады.

Татқан дәм-тұзы қандай болса да әр пенденің басынан қилы-қилы балалық кешірме өтеді. Ғұмыр бойы сағынышпен еске алатын да, көкейінен кетпей зарықтыратын да – осы мөлдір шақ. Балқұндақ бала кездің ауылна бір айналып соқпайтын адам кем. Өмірдің әр бел-белесін бағындырған сайын артта қалған есіл дәуренің күннен күнге ыстық бола түседі. Сені әлпештеп алақанына салып өсірген етжақындарың араңнан аттанған сайын балалықтың қадірі еселене бермек. Бәріміздің ішімізде мейлі бақытты не бақытсыз болсын бір бала өмір сүріп келеді.

Ақберен Елгезек әдебиет табалдырығын өлеңмен аттаған. Дүйім Алаш жұртына сырлы да сұлу поэзиясымен аты жайылды. Ақынның шығармасы туралы аз жазылмады. Соның ішінде ең сүбелісі, шайыр болмысын аша түскен, жан қатпарына үңіле білген – жазушы Таласбек Әсемқұлов еді. «Талғам – эстетикалық ар-ұят» атты мақаласында: «Ақберен жырларындағы лейттон, басты әуен – күмән. Өзінің ең жауһар жырларынан теріп құрастырған жүз елу беттік шағын жинақтың басынан аяғына дейін, бірде Тәңірінің дидарын көргендей қуанған, бірде қимасынан айырылғандай қасіреттенген, бірде сүйінішті, бірде қамырықты, бірін-бірі алмастырған сезім күйлерінің астарында қалмай ілесіп отыратын, жүрек суырған күмән» дейді. Әр өлеңнің астарында бір тағдыр бар. Шайырдың өлеңінің ішкі иірімін түсінбек үшін оның басып өткен шытырман жолына көбірек үңілген абзал.

Ақберен Елгезек «Болмаған балалық шақты» әуелі көкірекке жиналған сары суды ақтармақ үшін жазған тәрізді. Бірақ жүрек түбінен қайнап шыққан асыл сөздің ғұмыры ұзақ болады екен. Бірден жұртшылық жылы қабылдап, жалғасын сарыға күте бастады. Осылайша ақын қаламынан туған ғажайып повесть дүниеге келді. Бұл шығарманы оқып, бала Ақбереннің тағдырына қаныққан оқырман өлеңдеріндегі жұмбақ «күңгірттіктің» шешуін оңай таппақ.

Шығарманы оқығанымыз бар, оқымағанымыз бар спектаклдің басталуын тағатсыздана күтіп отырмыз. Ақыры автор шығып төңкеріліп жатқан белесебеттің текпішегін айналдыра бастады. Ол – дөңгеленіп өтіп бара жатқан өмір еді. Біз шымылдық ашыла салып бірден ауыр атмосфераға тап келерміз деп ойлаған едік. Олай болмады. Нағашы жұртын сағалап келген жетімектердің көңілі нағашы әже жылуымен тез марқайды. Шығармаға қан жүргізген шеберлік – бүгінгі автор мен бала Ақоштың қатар жүруі. Автор болып жатқан уақиғаны тоқтатып қойып, сол туралы өз сезімін баяндайды. Шын мәнінде біздің көріп отырғанымыз автордың (Ілияс Мұратбектің рөлі) санасындағы кешірмелер тізбегі. Ол балалық шағына сырттан қарап тұрады. Сол кездегі қимас аңсар мен әттеген-айларын да жасыра алмайды. Ғұмырды басынан қайта бастап, өкініштерінің орнын толтырғысы келеді. Бірақ оның бәрі қайта айналып келмейтін, өзгерте алмайтын өткен уақыт.

Спектакль көтерген және бір түйткілді мәселе – Семей полигоны. Ағасы Данышпан (Үсен Бекжігіттің рөлі) сол тажалдың тырнағына ілінген көп бейкүнә жанның бірі. Қанша жерден кеміс болып туғанмен жүрекке ақау түспейді. Данышпанның гүлдің, көрші қыздың суретін салуы олардың да сүйе алатынын, жүрегінде махаббат бар екенін көрсетеді. Ақош шөптің үстінен құлағанда шыр-пыр болып күйінеді. Елжірейді.

Данышпанның бір жұтым суға зар болып ғұмырдан көшуі – аңсарына, аяулы өмірге жете алмаған жазықсыз жандардың жиынтық образы. Құдықтан су әкеліп берші деп жалынғанда Ақош оянбай қояды. Сонда санасынан уақиғалар лентасы өтіп жатқан автор Ақошқа тұршы деп жалынады. Сол сәт қайта айналып бір келер болса осылай істер едім деген пенделік өкінішіміз керемет қиюласқан.

Ақош – «Құдайды жерлеген» заманның баласы. Спектаклдің және бір ой салар биігі – Ақоштың Құдай жайлы ойы. «Қара маңқаның Ленині, менің апам бар» дейді. Ақош нағашы әжесі (Ажар Шәкіржанованің рөлі) айтқандай «Құдайдың баласы». Ол Құдайдан тілеп еді автобус бұзлып қалып, әпкесі Маржан Алматыға қайта алмай қалады. Баланың періште тілеуінен кейін әр істің қайыры болады. Осылайша имансыз қоғамда жүрегінен Құдайдың ғажап сәулесі өшпеген бала өсіп келе жатады. Ол Құдайдан тілеп еді әкесінің інісі келіп Қалиясқардың (Нартай Сауданбекұлы рөлі) тепкісінен құтқарып алады.

Әр көрінісі адамды тұңғиық ойға, ыстық әзілге бөлеген спектакль өте жоғары деңгейде өтті. Оны қойылым аяқталғаннан кейінгі көрерменнің ұзақ-ұзақ дүркіретіп соққан қол шапалағынан да аңғаруға болады. Ақын Ақберен Елгезекке де жүрегін жарып шыққан туындысының көз алдында қайтадан жанды суретке айналғаны оңайға соқпағаны анық. Көзіне жас үйіріп, толқып тұрып көпшілікке алғысын білдірді.

Баршаңызға рақмет! Бір күлдік, бір жыладық. Мен «Құдайдың баласы» ретінде айтайын бұл шығарма менкі емес. Оны жазған – Құдай. Менің қолыммен. Осындай тағдыр берді, жаза алатын қабілет берді. Осы Әли, Алматыда Фархат Молдағалиев сияқты бауырларымды жолықтырып, осының бәрін қойып, сіздерді осы жерге жинап отырған – Құдай. Мен емес. Сондықтан Құдай бар. Бірінші реткі қойылымда да тура осындай көңіл-күй болған. Қазір, шынымды айтсам түсім сияқты болып тұр. Дірілдеп, не айтып тұрғанымды да біліп тұрған жоқпын. Маған керемет ұнады. Сіздермен бірге күлдім, сіздермен бірге жыладым. Бірақ оның бәрі менің жүрегіме мың есе көбірек тиіп жатыр. Авторларға рақмет! Осы театрдың басшылығына рақмет! Мынандай гүл беріп жатқан Асхат бауырыма рақмет! Баршаңызға рақмет! Театр жасай берсін!, - дедй Ақын Ақберен.

Жас болсада өзінің дарынын байқатып жүрген режиссер Әли Бидахметтен спектакль өзіңіз күткен биіктен шыға алды ма деп сұраған едік.

Ойлаған деңгейде қойдық десек те бізге бәрібір бірдеңе жетпей тұрады. Бір жерін жөндеу керек, ана жерін былай істеу керек еді деген сияқты. Бірақ халықтың пікіріне қарасақ жақсы сияқты. Көрермен көп келді. Жыладық, күлдік деп алғысын айтуда. Соған қарағанда ұнаған шығар. Біздің театрға небәрі бес-ақ жыл болды. Ақырын-ақырын көрермен қатары молайып келе жатыр. Ең алғаш астынғы этаж толмайтын, қазір қарап тұрсаңыз 3 этажға толық кісі жиналған екен. Сондықтан көрерменнің талғамы өсіп, көптеп театрға келуде. Оған дәлел осындай спектаклдер, - деді Әли Бидахмет.

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейді Ғабит Мүсірепов. Бүгінгі спектакль осы сөздің және бір айғағы болды. Бірде күліп, бірде жылап, сан түрлі сезімнің толқыны соққан көрермен театрдан кете алмай ұзақ жүрді. Ақын Ақберен Елгезекті қаумалап қолтаңбасын алып жатты. Шын өнер адаммен адам жүрегін дос етеді екен. Бір-біріне мейірім нұрын төгеді екен. Біз соның куәсі болдық.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: