Елордада Ленинград блокадасы толық аяқталған күні Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған қорғаныс ведомствосының басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, Әлия тәрбиеленген Әбубәкір Молдағұловтың немересі Жұлдыз Нұртас қатысты.
Салтанатты рәсім ту тобы, құрметті қарауыл ротасы және әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Іс-шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Ұлы Отан соғысы Қазақстан халқы үшін де үлкен сынақ болғанын атап өтті. Республикадан бір миллион екі жүз мың адам майданға аттанып, оның 600 мыңы оралмады.
Біздің жерлестеріміз Брест бекінісін қорғаудан бастап, Рейхстагқа Жеңіс туын тігуге дейінгі барлық шайқастарға қатысты. Қазақстан Невадағы қаланы қорғауға зор үлес қосты. Қоршауда қалған қала үшін болған шайқастарда қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапты. Ол батылдықтың, патриотизм мен жанқиярлықтың символына айналды, – деді қорғаныс министрінің орынбасары.
Невадағы қаланы қорғауға Ақмолада жасақталған 310-шы атқыштар дивизиясы мен Петропавлда құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Ленинградты жау қоршауынан толығымен босату 1944 жылдың қаңтарында ғана мүмкін болды. 14 қаңтарда Ленинград-Новгород операциясы кезінде Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапты.
Әлия Молдағұлова осы ерлігі арқылы қаһармандығын дәлелдеді. Ұлы Отан соғысы, ондағы қазақстандықтардың ерлігі ешқашан өшпейді. Біз мұны жадымызда сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз, – деп атап өтті генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.