Астанада әлемнің 8 елінің әскери оркестрі өнер көрсетеді

27 Маусым 2023, 08:27 910

Елорданың 25 жылдығына орай мәдениеттер мен халықтарды біріктірудің бірегей құралы әскери оркестрлердің I Халықаралық «Астана – мәдениет керуені» әскери-музыкалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қалалық әкімдіктің қолдауымен Қорғаныс министрлігі Әзербайжан, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштері музыкалық ұжымдарының қатысуымен қазақстандықтарға ерекше сыйлық дайындауда.

Фестиваль аясында елордаға бес жүзге жуық музыкант жиналмақ. Олардың репертуары марш, эстрада, джаз және танымал классикалық туындыларға бай. Әр команданың өзіндік стилі, түсі және музыкалық қолтаңбасы бар.

Мұндай көлемдегі іс-шараны өткізу ұжымдардың шығармашылық өсуіне, оркестрлік мәдениетті дамытуға және достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін болады.

Іс-шаралар 6 шілде күні басталады. 19.30-да Есіл өзенінің жағасындағы жазғы амфитеатр сахнасында оркестрлердің қатысуымен Band Marathon өтеді.

Келесі күні сағат 20.00-де музыкалық ұжымдардың қойылымдары орталық саябақта, "Бәйтерек" монументі мен "Хан Шатыр"сауда-ойын-сауық орталығында өтеді.

Фестиваль 8 шілдеде аяқталады. "Барыс Арена" мұз сарайында үлкен гала-концерт өтеді. Сағат 12.00-де басталатын концертте көрермендер оркестрлер дефилесімен қойылған қызықты музыкалық-театрландырылған қойылымның куәсі болады.

Жылдың ең маңызды оқиғаларының бірін жіберіп алмаңыз! Кіру тегін.

Берік Арманов
Бөлісу: