Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері «Қылмысты тоқтату» жедел алдын алу іс-шарасы барысында азаматтарды алдап келген 35 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Күдіктінің Instagram желісі арқылы шет елге оқуға жіберу қызметімен айналысатыны жөнінде жарнама таратқаны мәлім болды. Ол алдымен дайындық курстарын оқыту орталығына адамдарды шақырып, курсты аяқтаған соң, басқа елге оқуға жіберемін деп уәде берген.
Жәбірленушілер алдын ала төлем жасап, ақшаларын алаяқтың шотына аударған. Алайда кейін уәде етілген қызметтер көрсетілмей, байланыс үзіліп, ақша қайтарылмаған. Нәтижесінде күдікті 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тергеу барысында оның тағы 52 ұқсас эпизодқа қатысы бары анықталды.
Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасуда, күдікті өз кінәсін мойындады. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырып, күмәнді ақпараттар мен алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда бірден полицияға хабарласуды сұрайды.