Астанада «Адал адам – адал еңбек» жастар форумы өтті

14 Ақпан, 12:54 486

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Адал адам – адал еңбек» жастар форумы өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форум еңбек адамына құрмет көрсету және түрлі салалардағы беделді мамандармен мотивациялық кездесулер өткізу арқылы еңбекті қастерлеу қағидаттарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин, ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері, аймақтық этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.

Сурет: Ажар Лаубаева

Аталған іс-шарада спикерлер мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбекті құрметтеу қағидаттарын насихаттап, сондай-ақ жастарды нақты салаларда өзін-өзі жүзеге асыруға ынталандыратынын атап өтті.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетовтің айтуынша, 2025 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап, бір маманды колледжде дайындау үшін бөлінетін бюжеттің құны екі есе артады. Ал 2025, 2026, 2027 жылдары барлық мемлекет меншігіндегі колледждер жаңа технологиялық, материалдық базамен жабдықталады.

Сурет: Ажар Лаубаева

Колледждердегі студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда барлық өңір бойынша қажеттілік 6000 орынды құрайды. Осы орайда 2027 жылға дейін студенттердің бәріне жатақхана берілуі тиіс, - деді ол.

Мәжіліс депутаты Максим Рожин ауылдық жерде белгілі бір саланың маманы болу өмірдің басты кепілі деп есептейтінін айтты.

Қазіргі таңда ауылда мейірбике, мұғалімдер оңай жұмыс таба алады. Бірақ қалған басқа да қажетті маман иелерін табу қиын. Мысалы, дәнекерлеушіні, техниканы жөндейтін мамандар ауылда табыла қоймайды. Сондықтан жұмысшы мамандықтардың жастарға тартымды болуы үшін әрекет етуіміз керек, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Техникалық факультеті «Металлургия, тау-кен және мұнай-газ ісі» мамандығының 4-курс студенті Владислав Толочковтың сөзінше, бүгінде жұмысшы мамандықтарын игеріп жатқан студенттерге жақсы жағдай жасалған.

Сурет: Ажар Лаубаева

Қазіргі таңда білім алушыларға көптеген жерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік бар. Мысалы, студенттер Ақтөбе ферроқорытпа зауытына баратын болса, жалақы бонустары беріледі. Яғни өзіңнің біліміңді көрсетіп, барынша талпынып жұмыс істесең, сені олар құшақ жая қарсы алады. Тағы бір жақсы жаңалық, биыл шәкіртақымыз көтерілді. Бұның өзі білім алушыларға әжептеуір көмек, - деді Владислав Толочков.

Форум барысында «Еңбек Ері – ұрпақтар сабақтастығы» және «Еңбек адамы – табысты тұлғаның үлгісі» атты екі панельдік секцияларда қатысушылар Қазақстанның Еңбек Ерлері өздерінің еңбек қызметінің жеке үлгілері, «Адал Азамат» идеясының жалпыадамзаттық құндылықтарын көрсетудің маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ жас мамандар, қоғамдық пікір көшбасшылары, бизнесмендер сөз сөйлеп, түрлі этнос өкілдерінің туған жерінің дамуына қосқан үлесі мен елінің алдындағы бірдей жауапкершілігі туралы сөз қозғады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: