Астанада 17 жасар қыз сатушыны жалған чекпен алдаған

8 Қараша 2022, 12:21 1459

Бұл туралы Polisia.kz мәлім етті

Астанада кәмелетке толмаған қыз сатушыны жалған чекпен алдаған, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияға елорда тұрғыны алаяқтың айла-амалдарына тап болғанын айтып жүгінді. Арызданушының айтуынша, кешкі уақытта Сығанақ көшесіндегі дүкенде белгісіз біреу 11 мың теңге сомасында тауарды алдамшы жолмен иемденген. Сатып алу кезінде қыз банк қосымшасының төлем жүйесінде жалған ақша аударымының скриншотын көрсетіп, сатушыны алдаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданы Полиция бөлімінің полицейлері 17 жастағы кәмелетке толмаған баланы ұстады. Жасөспірім ата-анасына табысталды.

Қазіргі уақытта ювеналды полиция қызметкерлері оны ерекше бақылауға алды. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.  Астана қаласының Полиция департаменті сауда саласының қызметкерлеріне сақ болуға және электрондық төлем чектерінің түпнұсқалығын мұқият тексеруге кеңес береді. Электрондық ақша қаражаттарының есебін жүргізу және түскен уақыты мен күнін белгілеу қажет.

EL.KZ
Бөлісу: