Астанада 15-қабаттан құлаған жасөспірім қыздың жағдайы ауыр

19 Ақпан, 09:06 353

Астанада 12 жастағы жасөспірім 15-қабаттан құлап, ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің айтуынша, қыздың денесінің сау жері қалмаған. Қазіргі уақытта ол қалалық көпсалалы ауруханада жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдай кешкі сағат алты шамасында болған. Жасөспірім көпқабатты үйдің дәл іргесіндегі дүкеннің шатырына құлаған. Жерде ауыр жағдайда жатқан қызды жедел жәрдем қызметі дереу ауруханаға жеткізді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Қыздың бірнеше жерден сүйегі сынған, миы шайқалған және көп мөлшерде қан жоғалтқан. Дәрігерлер науқастың өмірі үшін күресіп, тәулік бойы бақылау жүргізіп жатыр. Қазіргі жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Осы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова:

Кәмелетке толмаған қыздың биіктен құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр – деп мәлімдеді.

Бұл оқиға қоғамда жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен психологиялық саулығы мәселесіне назар аудару қажеттігін көрсетті. Астанадағы қайғылы жағдай бойынша тергеу жалғасуда. Сарапшылар мен құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: