Астанада 12 жасқа дейінгі спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында футболдан кезекті Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласының футбол федерациясының вице-президенті, «Жеңіс» клубының бас директоры Ахмат Әміров, Қазақстан Республикасы футболының аға жаттықтырушысы Айдос Байтенов, Астана қаласының футбол федерациясының вице-президенті Руслан Кенетаев, Астана қаласы әкімдігінің №8 балалар-жасөспірімдер Олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Дінмұхаммед Құрамаев қатысты.
Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ел чемпионатының арқасында тек футбол ойнап қана қоймай, өзге қаладан келген жас спортшылармен танысуға мүмкіндік аласыздар. Турнирде әділ ойын, шын мықты анықталады деп, сенемін, - деді Астана қаласының футбол федерациясының вице-президенті Руслан Кенетаев.
Үздік команда атағы үшін Қазақстанның 12 өңірінен: Астана, Шымкент, Алматы қалалары, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарынан 250-ден астам спортшы таласады.
Астана қаласы әкімдігінің №8 балалар-жасөспірімдер Олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Дінмұхаммед Құрамаев аталмыш турнирге өз бағасын берді.
Аталған турнир 17-25 тамыз аралығында «Жас Батыр» стадионында өтеді.