Астанада 11 мыңнан астам медицина қызметкері өз саласында қызмет етеді

18 Маусым 2023, 17:49 736

Елордада мемлекеттік денсаулық сақтау саласында 11 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Оның ішінде 3,4 мыңнан астам дәрігер, 6 мың шамасында орта медицина қызметкері, 2 мыңнан астам кіші медицина қызметкер бар. 

Елорданың денсаулық сақтау саласында маңызды міндеттердің бірі – кадр тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі. Осы мақсатта Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мынадай шаралар қабылданған. 

2023 жылға жергілікті бюджеттен медициналық мамандықтарда оқу үшін 381 грант бөлінді. Өткен оқу жылында 19 мамандық бойынша 128 грант бөлінген. Жас мамандарды ескере отырып, мемлекеттік денсаулық сақтау секторында медициналық кадрлардың (жеке тұлғалардың) тапшылығы 94,4%-ға төмендеді. ҚР медициналық білім және ғылым ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған жас мамандарды бөлу жоспарланып отыр, бұл медициналық ұйымдардың қажеттілігіне сәйкес 300-ге жуық адамды құрайды. Кадр тапшылығына әсер ететін факторлардың бірі – мамандардың елордада баспанасының болмауы, - деп жазылған Астана әкімдігінің ресми сайтында жазылған деректе. 

Білікті кадрларды тарту мақсатында медицина қызметкерлері үшін толық әлеуметтік пакетті ұсыну, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі уақытта қалалық құрылыс басқармасы Астана-Қарағанды тасжолы аумағында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салу жобасын іске асырып жатыр. 

Денсаулық сақтау мамандарының біліктілігін арттыру жоспарына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022 жылы шетелде және ел ішінде 800-ден астам адам оқытылған. Оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде 69 адам білім алды. Биыл 1700-ден астам адамды оқыту   жоспарланса, елімізден тыс жерлерге аттанатын мамандар саны 45 адам құрап отыр. 

2023 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша дәрігерлердің орташа жалақысы барлық төлемдерді, оның ішінде сыйлықақы мен жан басына шаққандағы кешенді нормативтің ынталандырушы компонентін, демалыс, сауықтыру жәрдемақыларын, қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін қосымша ақыларды, кесте бойынша кезекшілікті, жеке қосымша ақыларды, өтемақы төлемдерін және басқаларын ескере отырып, 544 мың теңгені және орта медициналық персоналда 337 мың теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жыл басынан бері дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медицина қызметкерінің жалақысы 20%-ға өсті, - деп жазылған елорда әкімдігі таратқан ақпаратта. 

Асқар Таудай
Бөлісу: