Елордада әлеуметтік осал топқа жататын 185 мыңнан аса тұрғынға көмек көрсетіледі. Бұл туралы Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Айгүл Таласова Астана қаласының коммуникация қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астанада 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оларға түрлі санаттағы көмек көрсетіледі.
«Зейнеткерлерге денсаулығына байланысты түрлі жеңілдіктер жасалып, көмек көрсетіледі. Қарттар күнінде 2,5 АЕК есебінде көмек беріледі. Жыл сайын қазан айында қарттарға көмек көрсету апталықтары мен айлық көмек шаралары өткізіліп отырады. Оларға еріктілерде тұрақты көмектесіп, байланыста болады. Жалғыз тұратын зейнеткерлер де бар. Оларға тұрғын үй коммуналды төлемдерін төлеп береміз», - деді Айгүл Таласова.
Ол зейнеткерлерге жылына бір рет толық тексерілуден тегін өтуге мүмкіндік барын айтты.
«Зейнеткерлер жылына бір рет санатория шипажайларында тегін емделе алады. Ол үшін тұрақты тіркелген мекен жайына қарасты емханадан денсаулығына байланысты құжаттары мен қағаздарын алуы керек. Арнайы ем-домды зейнеткерлерге және мүгедектерге арналған реабилитационды Қатаркөл шипажай орталығынан ала алады»,- деді Айгүл Таласова.