1 Шілде 2015, 11:46
Бұл осыдан он жыл бұрын 2005 жылы болған оқиға. Ертістің ерке қызы Назым Балтабаева «өз өміріме өзгеріс енгізу қажет» деген шешімге келеді. Ол жаңа бастамаларын іске асыру мақсатында Семейден Астанаға жол тартады. Назым жол бойы терезеге үңілген күйі осы кезге дейінгі өміріне ойша есеп берумен болады. Жоқ, оның ендігі мақсаты айқын-тұғын, бірақ бірде бір туған-туысы, тамыр-танысы жоқ қалада ол қайтіп күн көрмек? «Көз – қорқақ, қол – батыр», демекші тіршілігі қайнап жатқан қаланың күнделікті ритміне Назым тез арада ілесіп кетеді. Өз мамандығы бойынша елордалық мектептердің бірінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып орналасқан ол, сүйікті ісі – бала оқытумен шұғылданады. Астанадан өз жерлестерімен танысып, достар тауып, жаңа мекенге өзінің туған жеріндей сіңісіп кетеді.
Жұмыс пен үйдің екі ортасында жүрген Назымның жеке өмір дегенге уақыты қалмайтын. Сөйтіп жүрген кезде, интернет арқылы бір бейтаныс жігіттен достық туралы ұсыныс келеді. Әдетте, осындай ұсыныстардың барлығын өшіріп тастайтын ол, осы жолы «мейлі, достығын қабылдап көрейін, болмаса өшіре салармын» деген оймен, өзі де күтпеген жерден жаңа таныстыққа келісім береді.
Бұл таныстық олардың тағдыры еді. Табиғатынан салмақты, сабырлы, Арқаның жайсаң жігіті Нұрболат пен Ертістің ерке қызы Назымның Астанадағы алғашқы таныстығы осылай өткен.
Назым Балтабаева:
Біз 2011 жылы 29 тамызда ҚР Конституция күні қарсаңында кездескен едік. Екі жылдай араласып жүрген кезде Нұрболаттың ер азамат ретінде сөзге де іске де адал, жүрегі мейірімді және қарапайым екеніне көзім жетті. Нұрболат достарымыз жиналған отырыстың ылғи да ортасында жүреді. Көпшіл, қонақты жақсы көреді.
Нұрболат Қалиев:
Астанада жұмыстан кейін демалатын әдемі жерлер көп қой. Достарыммен бойдақ жүрген кезде «ендігі жолы осында қалыңдығымды әкелу керек» деп, өзім ұнатқан жерлерді ойша сақтап қоятынмын. Назым екеуміздің Астанада бармаған жеріміз жоқ шығар (күлді). Ол концертке барғанды ұнатады, сондықтан қазақша концерттерге жиі барып тұрамыз. Назымның тәрбиелі жердің қызы екенін, кішіпейіл, мейірімді жан екенін сырттай байқап жүрдім. Біз отбасын құру туралы шешімге салмақты түрде келдік. Сондықтан да болар, осы кезге дейін отбасымызда туындаған мәселе болса сабырмен, ақылға салып шешеміз.
Назым Балтабева:
Бір қызықты айтуға ұмытып кетіппін. Той күні қаладағы әдемі жерлерге барып, суретке түсу әдеті бойынша «Әзірет Сұлтан» мешітіне бардық. Алдына келіп фотоға түсіп жатқанымызда жаңбыр құйып кетті. Біз оны «Алланың нұры» деп жақсыға баладық. Қазір, құдайға шүкір, бір қызымыз бар. Астанада дүниеге келді. Жолдасым қалалық мейрамханалардың бірінде «есепші» болып жұмыс істейді. Мен әзірге бала тәрбиесінде, үйде отырмын. Биыл біздің отбасымызға, құдай қаласа, 2 жыл толады.
Міне, тағы бір астаналық отбасының хикаясы осындай. Қалиевтер шаңырағы Астанамен бірге көркейіп дами берсін. Астаналық жас отбасылар көбейе берсін.
Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова