«Астана полимер» кәсіпорыны жылына 300 км құбыр өндіреді

7 Қыркүйек 2015, 11:05

Журналистер «Астана полимер» зауыты жұмысымен танысып, өндіріс орынының аяқ алысын байқап қайтты.

«KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы №1 индустриялдық паркінде баспасөз туры ұйымдастырылды. Журналистер алдымен «Астана полимер» зауыты жұмысымен танысып, өндіріс орынының аяқ алысын байқап қайтты.

«Астана полимер» кәсіпорынында полиэтилен, фитингтер, бұру құрылғылары, құбырлар өндіріледі. Зауыт 2011 жылы салынып, 2013 жылдың бірінші тоқсанында пайлануға берілген.

Ербол Жұмағалиев, «Астана полимер» ЖШС басқарушы директоры

Біз жылына 300 км құбыр өндіреміз. Жалпы зауыттың қуаттылығы 500 км. Бүгінгі таңда қуаттылықтың 50-60 пайызын еңсеріп жотырмыз. Кәсіпорында полиэтиленнен жасалған су, газ, мұнай секілді өзге де түрлі сұйықтықтарды  тасымалдауға арналған құбырлар өндіріледі. Диаметрі 20 мм-ден 1200 мм-ге дейін құбырлар жасаймыз. Біздің өнімдеріміз тек ішкі нарыққа арналған. Құбырмен қамтамассыз ету бойынша нарықтың  25-30 пайызын біздің өнімдеріміз қамтамасыз етіп отыр.

Зауыт басшыларының айтуынша кәсіпорынды тұрғызып, іске қосуға 1,5 млрд қаржы жұмсалған. Егер осы қарқынмен жұмыс жасай беретін болса алдағы үш жылда жұмсалған қаражат ақталады деген сенімде. Мекеме бүгінгі таңда 70 адамға жұмыс беріп отыр.

Дүйсенбек Рысбаев, бас механик

Зауытта өндірілетін құбырлар неміс технолгиясы бойынша жасалады. 50 жылға кепілдік береміз,  алайда 50 деген аты болмаса өмір бойы еш ақаусыз қызмет ете береді. Құбырлар қатты қысымға төзімділігімен ерекшеленеді. Бұл экологиялық таза өнімнен өндіріледі, кәзір барлық су арналары осы құбырларды қолданады. Арнайы зертханада тексеруден өткен. Шикізатты Корея, Арабия, Ресей елдерінен әкелеміз.   

Мұндағы мамандардың айтуынша, оқшауланған құбырлардың артықшылығы – энергияны үнемдейтіндігінде. Мұнда замануи, әлемдік стандарттарға жауап беретін отандық өнімдер өндіріледі.

Астана қаласының әкімдігі «Астана – жаңа қала» АЭА әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Архат Саябаевтың айтуынша, алдағы уақытта «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы №1 индустриялдық паркінен 6 кәсіпорын бой көтереді. Ал 2017 жылы екінші индустриялық парк ашылады. Бүгінде арнайы экономикалық аймақтағы 21 зауыт 2000 азаматты жұмыс орынымен қамтып отыр.

«Астана полимер» зауытында Финляндия және Германия компанияларының технологиялары қолданылады.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Бөлісу: