Астана іргесіндегі азап лагері

1 Маусым 2016, 05:59

Бүгін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Таяуда «АЛЖИР» мұражайында тұтқындардың жеке заттары мен бірегей материалдарының көрмесі ашылды. Онда анықтамалар, тұтқындардың хаттары, олардың киімдері мен тұрмыстық заттары көпшілік назарына ұсынылды. Мұражай қызметкерлері экспонаттарды Ақтөбе, Атырау, Екатеринбург және басқа да қалаларға жасаған іссапар барысында жинаған.

– «АЛЖИР» мұражайының қызметінің негізгі бағыты – экспонаттар жинау. Қызметкерлер Қазақстан мен алыс-жақын шетелдердің қалаларын аралайды. Сапар барысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың, жер аударылғандардың ұрпақтарымен байланысты үзбеуге тырысамыз. Олар бізге туған-туыстарының құжаттарын, суреттерін, жеке заттарын береді. Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, мұражайда іссапар барысында жиналған жаңа экспонаттардың негізінде көрмелер ұйымдастырылады. Көп жағдайда тұтқындардың ұрпақтары бізді ғаламтор арқылы тауып, осында келіп жатады, - дейді мұражайдың жоғары санатты маманы Евгения Зеер.

«АЛЖИР» мұражайы 2007 жылы ашылған.1937 жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагерінде 18 мыңға жуық әйел қамалған. Мұнда 7 мыңнан астам тұтқын өз мерзімдерін толық өтеген. Олардың есімдері еске алу қабырғасында жазылды.

Кезінде бұл жер «КарЛАГ-тың 26-нүктесі» деп аталған. Қазір мұражай лагерь тұтқындары отырғызған алма бағының орнында орналасқан. Ал, лагерьдің өзі, барактар, тігін фабрикасы және аурухана қазіргі Ақмол ауылының аумағында болған екен. 

Зал экспозициясы «Кісен» инсталляциясымен ашылады. Бұл – түрме камерасының имитациясы. Одан кейінгі «АЛЖИР» диорамасында қыс және жылы мезгілдердегі лагерьдегі өмір көрсетілген. Көрме залынан 30-шы жылдары атылып кеткен Мырзағұл Атаниязовтың, лагерь тұтқындары Ғайнижамал Ғайсина, Роза Цыпкинаның және т.б. фотосуреттері мен жеке заттарын көруге болады. Мұражай кешенінде терезелер жоқ. Жарық төбедегі атриумнан түседі.

Мұражай жанындағы баракта «АЛЖИР» тұтқындарының балаларын тартып алу» диорамасы жасалған. Әйелдер қамауға алынған кезде лагерьге кішкентай балаларымен бірге келген. Бүлдіршіндер үш жасқа толғанда, оларды балалар үйіне әкеткен.

Мұражай аумағында «Қайғы қақпасы» монументі, шолу мұнарасы, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі композиция орналасқан. Сондай-ақ, «Еске алу қабырғасы», ГУЛАГ картасы салынған «Көз жасы» стелласы бар.

«АЛЖИР» тұтқындарының арасында елге танымал қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың жарлары, белгілі әртістер де болған. Олардың қатарында биші Татьяна Окуневская, әнші Лидия Русланова,  балерина Татьяна Афонина, режиссер Наталья Сац бар.

Лидия Русланова халық арасында орыс халық әндерін орындау шеберлігімен танылған әнші еді. Бірде күзетшілердің бірі оны шақырып, ән айтқызбақ болады. Сонда Лидия тайсалмай, «торда отырған торғай ән салмайды» дейді. Осы сөзі үшін оны Сібірге он жылға айдап жібереді.

Ханна Мартинсон есімді балалар дәрігерінің хикаясы мейірімге толы. Ханна лагерь ішінде шағын балабақша ашып, өзі тәрбиеші болған екен. Кімнің баласы ауырып қалса да, көмегін аямай, жанашырлық танытқан. 

«АЛЖИРДЕ» отырған әйелдердің бірі Анна Енданова 2014 жылы дүниеден озды. Ол өмірінің соңына дейін Астанада тұрды. Аннаның тағдыры сондай ауыр. Сол бір зұлмат жылдарда ол күйеуі мен екі баласынан айрылып қалады. Ұлы мен қызы балалар үйінде қайтыс болады. Ал, күйеуі жазықсыз оққа ұшады.

Анна Енданова лагерьде аспаз болып істейді. Сонда ол өзіне берілген тамақты жемей,  даладан қара жұмыс істеп, шаршап келген әйелдерге береді екен. Анна кейін бостандыққа шыққан соң, екінші рет тұрмысқа шығып, үш қызды дүниеге әкеледі.

Тергеу кабинеті

Әйелдерді тергеуге таңғы сағат 4-5-те оятып әкеледі екен. Тергеушілер оларға «халық жауларының» әйелі деп қатігездікпен қарап, әдейі биік орындыққа отырғызған. Әйелдер аяғы жерге тимей отырғанда, тамырына қан жүрмей, аяғы ұйып қалады. Олар әбден қалжырағанда, есінен танып құлайды екен.

Мына қатігездікті қараңыз: күзетшілер жарты сағат сайын ауысады. Ал, бір әйелді 4-5 cағат тергейді екен! Сонда тергеушілердің тұтқындарға күн сайын қоятын жалғыз сұрағы: «Сен күйеуіңнің «халық жауы» екенін мойындайсың ба?». Егер, әйел мойындаса, жендеттер оның күйеуін сол сәтте атып жіберуге дайын болыпты.

Жалаңаш көлі деген көл маңында әйелдер қара жұмыс істеген. Көктем-күзде бір әйел күніне 40 бау қамыс бууы тиіс екен. Осы межені орындамаса, өздеріне күнделікті берілетін бір тілім нан мен ботқадан айрылған. Оларға үсіп кеткен картоп пен орамжапырақтан тамақ дайындап берген. Тұтқын әйелдер өздерінің естеліктерінде «бізге берген тамақты күзетшінің иті де жемейтін» деп жазады.


Қатігез жендеттер әйелдердің маңдайларына қару тақап қойып, майшаммен іс тіккізген.

Бұл вагон 1928 жылы Одессада тұтқын әйелдерге арнап жасалған. Вагон 46 әйелге арнап жасалғанымен, оған 70-80 әйелді тігінен тік тұрғызып, лагерьге әкелген.

«Алжирдегі» әйелдердің балалары балалар үйіне жіберілген. Онда «халық жауының» баласы ауырып қалса, оған ең соңынан көмек берілген екен. Өйткені, сол кезеңде «халық жауынан тұқым қалмасын» деген үкім болған. «Халық жауының» баласы қайтыс болса, сол кезекшіліктегі тәрбиешіге алғыс хат, сыйлық беріліп отырыпты.

Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина лагерьде қой баққан. Бір жолы елу қой жоғалып кеткенде, лагерь басшысы Гүлжамал малды таппаса, оның тұтқындалған мерзімін ұзартамын деп қорқытады. Әбден абыржыған Гүлжамал қойларды іздеп жүріп Киров ауылына келеді. Ауыл шетіндегі бір үйге кездейсоқ кірген ол сол шаңырақтағы кішкентай сәбилерді көргенде, өз балалары есіне түсіп, көңілі босайды. Үй иесі Гүлжамалды жұбатып, шай береді. Совхоз директоры мұның Бейімбет Майлиннің жары екенін білгенде, ауылдың барлық жігіттері қойды іздеуге көмектесетінін айтады. Мал табылмаған жағдайда әр үйден бір-бір қойдан береміз дейді. Бірақ, Гүлжамалдың қуанышына орай, жоғалған мал табылған екен.

Гүлжамалдың қызы Гүлсім анасын осында іздеп келген. Сонда лагерьде отырған әйелдердің барлығы оны өз қызын көргендей құшақтап, сүйіп, мауқын басқан екен. Ең жаманы, ана мен баланың түсінісуі қиынға соғыпты. Өйткені, балалар үйінде орысша тәрбиеленген қызы қазақша, ал, шешесі орысша білмейді...

Гүлжамал Майлина лагерьден 1945 жылы босап шығады. Оны «халық жауының» әйелі деп еш жерге жұмысқа алмайды.

Айтпақшы, Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам бұл лагерьде отырмаған. Ол ұлы Аянмен бірге «АЛЖИРДЕ» отырған деген – өтірік сөз. Гүлбаһрам – Сәкеннің заңды некелі жұбайы емес. Олар тек мұсылманша неке қидырған екен.

«Алжирдің» тұтқыны болған Гертруда Платайс 1990 жылы Қазақстанға келген сапарында жергілікті қазақтардың тұтқындарға қалай қарағанын айтып берген.

Бораны ұлыған қыстың бір күнінде тұтқын әйелдер барақ салу үшін таңмен таласып Жалаңаш көлінің бойына қамыс жинауға шығады. Бір уақытта қалың қамыстың арасынан маңайдағы Жаңажол деп аталатын ауылдың бір топ шал-кемпірі бұларға қарай аяңдайды. Балалар үлкен кісілердің бұйрығымен әбден қалжыраған бейшара әйелдерге тас лақтыра бастайды. Әйелдер өздеріне міндеттелген 40 бау қамысты жинау үшін аязды күннің өзінде 17-20 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болған-ды. Бұны көрген жендеттер мазақ етіп күле бастайды: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, тіпті ауыл балалары да жек көреді».

Гертруда Платайс та, басқа тұтқын әйелдер де осы оқиғаны еске алғанда, балалардың әрекеті өздеріне соншалық ауыр тигенін айтады. Осы оқиға бірнеше рет қайталанады. Дәрменсіз әйелдерге ауыл тұрғындарының мазағына ренжуден өзге ештеңе қалмаған да еді...

Бір күні әбден қалжырап, әлі кеткен Гертруда өзіне қарай тас лақтырылғанда бұғып қалмақшы болғанда, аяғы тайып кетеді де, әлгі тастардың үстіне етпетімен құлайды. Сол сәт беті жерге тие құлаған әйелдің мұрнына ірімшіктің иісі келгендей болады. Ол балалар лақтырып жүрген тастардан ірімшік пен сүттің иісі шығатынын байқайды. Біреуін алады да, аузына салып жібереді. Біраздан соң жерде жатқан тастардың біразын жинап алып, бараққа алып келеді. Сотталғандардың ішінде қазақ әйелдері де бар еді. Олар бұл тастың құрт екенін (тұздалып, күннің көзіне кептірілген іркіт) айтады.

Сөйтсе, көмектесудің басқаша амалын таба алмаған қазақтар балаларының өмірін тәуекелге тіге отырып, жендеттерге ештеңе байқатпастан қолдарында барын, ең соңғы талғажау етер тамақтарын беріп, аш жүрген әйелдерге қолұшын бермек болған екен. Өйткені, 1930-жылдары аштықтың қасіретін өздері де көрген еді. Олар тіпті кейде күзетшілерден жасырып, қамыстың арасына піскен ет, талқан, құрт, таба нан да қалдырып кетіп жүріпті.

Гертруда Платайстың естеліктері Раиса Голубеваның «Құрт – асыл тас» атты өлеңіне арқау болған.

 Құрт – асыл тас

Қазақ атқан тасқа барып жығылдым –

Тамағыма өксік келіп тығылды.

Құдайым-ау, тас па мынау, немене?

Мұрыныма сүт иісі келе ме?

Үміт оты жарқ етті ғой,

Тас дегенім азық екен

Нәр боп сіңер денеме.

Қарттар неге өшікті деп ойлап едім, таңдана.

(Балаларды айтақтаған шал мен кемпір оңа ма?)

Сөйтсем... сөйтсем, айналайын кең елім,

Ақсақалдар – данышпаным, кемелім,

Сақтау үшін тұтқындардың қу жанын,

Тәуекелге тігіпті ғой өз ұрпағын – сенерін.

Қытыгездер кесіп берген әділетсіз үкімді,

Түсініпті, үлкені де, баласы да – бүкілі.

(Отан сатар шама қайда біздерде,

Сатқындарды мұннан емес, басқа жақтан іздеңдер).

Көк мұзды жастанып ап тере бердім,

Ақкөңілдің қамкөңілге бергендерін,

Жендеттерге сездірмедім бірақ та.

Кете бардым кешке қарай бараққа...

(Ол бір барақ –

зұлымдардың қорлығының ордасы,

Тас қараңғы, тастай суық, моладай).

«Қазақ деген әз халықты қолдашы,

Әлемдерді жаратушы бір Алла-ай», –

деп сол барақта

мұсылманша сиындым.

«Неміспін мен, христианмын»

– деп ойлаудан тиылдым.

Өзім үшін ештеңе де сұрамадым,

Қарттар үшін денге саулық,

Аналарға мол-мол бақыт,

Балаларға шалқар шаттық –

осы болды сұрағаным.

Сенім кеткен мен бейбақтан,

Досым да жоқ өмірде.

(Азап біткен – менен қалған азаптар)    

Көргендерім түйіліп тұр көңілде:

Тәрбиенің ең ұлысын балаға

Даналықпен бере алады қазақтар!


«АЛЖИР» мемориалды мұражайы кешеніне арналған фотоальбомымызды мына жерден қарай аласыздар!

Ал, әйгілі «КарЛАГ» атанған Қарағанды еңбекпен түзеу лагері, сондай-ақ, Спасск бауырластар зираты, Долинка ауылындағы лагерь туралы материалымызды мына сілтемеден оқи аласыздар!


 Әзірлеген – Жансая ТӨЛЕГЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: