16 Ақпан 2015, 10:15
2015 жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды «Қазақстанда жасалған» атты акцияны жүзеге асыруда отандық өнімдерге қолдау білдіруге шақырды. El.kz сайтының журналисті Президент ұсынысын қолдап, арнайы дүкен аралап келді. Назарларыңызға дүкен арбасын бір аптаға қандай пайдалы, орташа бағалы әрі отандық өніммен толтыруға болатындығы жайлы баяндайтын мақаламызды ұсынамыз.
Отандық өнімдермен қатар шет елдерден әкелінген тауарлар түрі сан алуан. Қазіргі таңда қалада кең тараған супермаркеттер бұл үшін жақсы жағдай жасап отыр. Дүкен сөрелерінен адамның күнделікті тамақ рационына кіретін Қазақстанда жасалған өнімдерді іздестірдік. Алдымен ет өнімдері бөліміне бардық. Сиыр етінің құны 1 кг үшін 1300-1500 тг құрайды (Ақмола облысы). Ал жылқы етінің бағасы 1500 теңгеден басталады. Тартылған сиыр еті туралы айтатын болсақ, қала бойынша баға 1400 теңгеден басталады. Тауық етін де сұрастырып көрдік. Павлодарлық, Қарағандылық тауық етінің 1 келісі 600-700 тг құрайды. Қазақстандық «Алтын Адам» зауытында шығарылатын шұжық пен қарағандылық ірімшік сатып алдық.
Кейін сүт өнімдері бөліміне бардық. Қазақстанда шығарылатын «Зорькин Луг» атты айран мен сүтін таптық. Аты әйгілі ресей өнімдеріне ("Домик в деревне", "Простоквашино" және т.б) толыққанды бәсекелес бола алатын Қарағандыда шығарылатын «Таллин», «МолКом» айрандарымыз бар. Біз «Зорькин Луг» өнімінің бағасы 235 тг 1 литр сүті мен айранын(250 тг) алдық.
Ұн өнімдері бөлімінде де таңдауға кең мүмкіндік бар. Біз Ақмола облысында шығарылатын құны 295 тг «Цесна» ұнын таңдадық.
«Сұлтан» макарон өнімдерін шығаратын компания тұтынушыға таңдауға үлкен ассортиментін ұсынады. Сонымен қатар жарманың да түр-түрін таба аласыз. Сөйтіп біздер түтік кеспе(рожки, 135 тг), жіңішке жұмыр кеспе(вермишель, 130 тг), жіңішке ұзын кеспе(спагетти, 150 тг) өнімдерін «Сұлтан» маркасынан алсақ, жарма өнімдерін, яғни күріш (285 тг), қарақұмық(280 тг), геркулес(110 тг), қарағандылық «Достық» маркасынан сатып алдық.
Осы алынған тағамдарды әзірлеу үшін қажетті күнбағыс майын алуға бұрылдық. Құны 315тг тұратын Алматыда шығарылатын «Шедевр» майын алдық. Кейін Арал өңірінде жасалатын бағасы 50 тг болатын «Йодталған тұз»-ды да арбамызға салдық.
Енді бет алған бөлімізміз көкөніс пен жеміс-жидектер болды. . Жаз мезгілінде далада, ал суық күндері жылыжайда өсірілетін, жергілікті әрі жаңа піскен картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, қызылша және сарымсақтар сатып алдық. Кейін алматылық апорт, жергілікті қияр мен қызанақ, жүзім алдық.
Негізгі тағамдарды алып болған соң шайға қоюға тәттілер іздедік. Қазақстандықтар ғана емес, шет елдік азаматтар да сүйетін «Қазақстан» шоколадын алдық, «Рахат» зауытының печеньелерін де арбамызға салдық.
Дәмді салаттар әзірлеу үшін құны 215 тг тұратын алматылық «Три желания» майонезін алдық.
Тәжірибе соңында қазақстандық өнімге толы арбамыздың құны 9320 теңгені құрады.
Импортпен әкелінген шет елдік өнімдерден отандық өнімдер сапасы, бағасы және әралуандығы жағынан артық түспесе кем түспейтініне көз жеткіздік. Транспорттауға жұмалап уақыт кететін өзге елдің тауарларын алудан гөрі, жергілікті әрі жаңа дайындалған өнімдерді алған абзал. Осы әрекетпен біз сапалы тағам алып қана қоймай, ел экономикасының артуына бірден-бір үлесімізді қосамыз.
Айгүл ШЕРНИЯЗОВА