9 Қараша 2015, 03:58
Елордалық «Астана» футбол клубы тарихында тұңғыш рет 2014 жылғы Қазақстан премьер-лигасының чемпионы атанды! Бұған дейін Астана клубы вице-чемпион атанған еді (2009 ж.). Сондай-ақ, Қазақстан кубогының да екі дүркін иегері болды(2010, 2012 жж.). Бірақ, елордалық клуб мұнымен тоқтамайтын сияқты. Чемпиондар лигасында қазақ футболы тарихында тұңғыш рет топтық кезеңде ойнаған «Астана» клубы әлі де тарихи жеңістер сыйлауға дайын. Себебі, «Астана» командасы 2015 жылы да Қазақстан чемпионы атанып, өткен жылғы чемпиондығын қорғап қалды.
Биылғы чемпиондық соңына дейін жалғасты. «Астана» 32 турда «Ақтөбені» қабылдап, өз алаңында қалай да ұтуы тиіс болатын. «Қайраттың» да алдында сондай міндет тұрды. Соңғы рет 2004 жылы чемпион болған алматылық клубтың жанкүйерлері бұл күнді ұзақ күтті. 2014 жылы клубтың 60 жылдығына орай чемпиондыққа қол жеткізуі мүмкін болған, одан да айрылып, тек Қазақстан кубогының иесі болып қалды. Биыл да дәл сол сценарий қайталануы мүмкін. «Қайрат» жылды тек Қазақстан кубогымен қорытындылайды, немесе жүлденің бәрін, атақтың бәрін «Астананың» қоржынына салып береді. Өйткені, кубок үшін таласатын командалар осы екеуі.
2015 жылғы Қазақстан премьер-лигасының қола жүлдегері «Ақтөбе» соңғы рет 2013 жылы ел чемпионы атанған соң «Астана», «Қайрат» секілді ұжымдармен тең дәрежеде чемпиондыққа таласа алмай жүр. «Ақтөбе» қатарынан екі жыл мүлдем жүлдесіз қалып отыр. Жылда қанжығасына не кубок, не чемпиондықты байлайтын команда үшін бұл ауыр соққы. Сондықтан, есесі кеткен «Қайрат», жүлдесіз жүрген «Ақтөбе» 2016 жылы «Астанаға» бұрынғыдан да артық бәсекелес болатыны анық.
«Қайрат» командасында былтырғымен салыстырғанда биыл чемпион болуға үлкен мүмкіндігі болды. Дәл «Қайрат» сияқты көп гол соққан (60 гол) команда жоқ, дәл «Қайрат» сияқты аз гол (19 гол) жіберген ұжым жоқ. «Қайраттың» шабуылы да, қорғанысы да басқаларға үлгі боларлықтай. Алматылықтар тек маңызды матчтарда ғана қарсыласына есе жіберді. Олар – «Астана» және «Бордо» командасы. Егер 30 турда «Астанамен» жоқ дегенде тең ойнағанда чемпиондық қолда тұр еді. Іріктеу сындарында «Бордоны» айналып өткенде Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Ливерпуль» сияқты Еуропаның танымал командасымен бір топқа түсер еді.
«Астана» – бірнеше турнирде қатар ойнап жатыр. УЕФА чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі мен топтық кезеңін қоса алғанда «Астана-Аренада» бірде-бір рет ұтылған жоқ. Тіпті, мадридтік «Атлетикомен» тең ойнап, Еуропаның ең белді (дәл қазір) командасынан ұпай алды. «Астананың» соңғы матчтарына қарасаңыз, ел біріншілігінде барлық қарсыластарын бір гол айырмасымен ғана ұтып келе жатыр. Өйткені, көп күш жұмсамау, барлық мүмкіншілігін соңына дейін сақтау қажет болды.
2009 жылы құрылған командаға биыл алты жыл толды. «Астана» командасы алты жылдың ішінде 6 жүлдеге қол жеткізіпті. Екі рет Қазақстан чемпионы (2014, 2015 ж.ж), екі рет Қазақстан кубогының иегері (2010, 2012 ж.ж), екі рет Қазақстан суперкубогының жеңімпазы (2011, 2015 ж.ж).
Үздік сұрмергендер:
22 гол – Жерар Гоу (Қайрат, 3)
14 гол – Душан Савич (Жетісу, 1)
13 гол – Лука Роткович (Оқжетпес, 2)
13 гол – Джордже Деспотович (Қайрат)
Авторы: Досжан Мейірім