Астана балет театры Токиода өнер көрсетті

11 Қазан 2016, 05:11

Мәдениет

Таяуда Астана балет театрының ұжымы Токиодағы Бунка Кайкан жапон орындаушылық өнер орталығының сахнасында өнер көрсетті.

Бұл күні Жапония астанасындағы даңқты залдың іші лық толып, театр фойесінде Қазақстан туралы фотокөрме ұйымдастырылып, түрлі кітаптар мен буклеттер қойылды.

Астана балет  театры бельгиялық хореограф Рикардо Амарантенің  «A Fuego lento и Gaia» шығармасын және «Әлем» балетінің үзінділерін (либретто авторы – Бақыт Қайырбеков) сахналады.

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Ясуа Фукуда концерттен алған әсерімен былайша бөлісті:

– Мен қазақстандық балетті бүгін алғаш рет тамашалап, қатты әсерленіп отырмын. Әртістердің шеберлігіне таңғалдым. Әуен, видео және хореографияның үйлесімділігіне сүйсіндім. Екі елдің өнер мен мәдениет саласындағы байланысы жыл өткен сайын нығая береді деп үміттенемін.

Токино Бунка Кайкан орталығында айнымас дәстүр бар екен: осы жерде өнер көрсеткен ұжым өкілдері өз қолтаңбаларын ғимарат қабырғасына қалдырып кетеді. Сондықтан, қазір мұндағы ұзын дәліздердің қабырғасында әлемдегі әйгілі театрлар мен оркестрлердің аты жазылып тұр. Енді бұл тізімге қазақстандық жас театрдың қолтаңбасы да кірді.

Астаналық әртістердің екінші қойылымы орталықтың "Shinjuku Bunka center» залында өтті. Бұл зал Токионың басты әкімшілік орталығында орналасқан.

Гала-концертте қойылған «Шығыс рапсодиясы» композициясында «Арулар», «Рассвет», «Әсем қоңыр», «Қарлығаш» билері орындалды.


Әзірлеген  – Айбота Өтеулі

Суреттер Астана балет театрының баспасөз қызметінен алынды

 

Бөлісу: