Астана - АПОЭЛ. Ескі қарсыластардың кездесуі

23 Тамыз 2018, 10:35 3602

4 рет кездескен қос қарсыластың тартысы туралы

АПОЭЛ командасы елордалық клубқа жақсы таныс. Қос қарсылас бұған дейін 4 рет кездескен, әзірге басымдық қазақстандық клубтың еншісінде. Екі кездесуде Астана жеңіске жетсе, бір кездесуде кипрлік команда басым түсіп, бір кездесу тең аяқталған. Бір-бірін беске білетін қос клубтың осыған дейінгі кездесулерін еске түсіріп көрейік.

2015/16 маусымда «Астана» және «АПОЭЛ» Чемпиондар Лигасының плей-офф сатысында жолықты. Қазақстанда өткен ойында сол кездегі Астананың басты жұлдызы Бауыржан Жолшиев жалғыз гол соғып, алаң иелерін жеңіске жетеледі. Кипрдегі қарымта кездесу тең есеппен аяқталып, екі кездесудің нәтижесі бойынша елордалық команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.

Екінші рет «Астана» мен «АПОЭЛ» бір жылдан соң Еуропа лигасының топтық кезеңінде қайта жолықты. Сырт алаңда өткізген ойында 2-1 есебімен есе жіберген астаналықтар өз алаңында дәл сондай есеппен жеңісті жұлып алды. Астана сапынан голдарды Марин Аничич пен Джордже Деспотович соқты. Бірақ, өкінішке қарай «Астана» 5 ұпай ғана жинап, топтан шыға алмай қалды.

Міне биыл да екі команда соңғы 4 жылда үшінші рет жолығып отыр. Алғашқы кездесу ертең Никосияда өтеді, қарымта кездесу 30 тамыз күні Астанада жоспарланған. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» демекші, кипрлік команда сапында бізге бұрыннан таныс Ватерман, Карлао, Мораиш, Эфрем сияқты футболшылар бар. Астана құрамында да көп өзгерістер орын ала қойған жоқ. Командадан Патрик Твумаси, Рохер Каньяс, Фокси Кетевоама сынды ойыншылар кеткенімен, негізгі ойыншылар өз орындарында қалды. Қазір екі команданы да жаңа бапкер жаттықтыратынын айта кету керек. Никосиялықтарды наурызда ғана команда тізгінін ұстаған португалиялық маман Бруну Балтазар, ал елордалық клубты украиналық бапкер Роман Григорчук жаттықтырады. Бірақ, Григорчуктің жеке себептерімен уақытша клубтың тренерлік штабынан кетуіне байланысты қазақстандық клубты бас бапкердің көмекшісі Григорий Бабаян алаңға бастап шығады.

Кипрдегі ішкі біріншілік әлі басталған жоқ, АПОЭЛ биылғы ресми кездесулерін тек қана еурокубоктік іріктеулерде ғана ойнады. Ал, Қазақстандағы чемпионаттың нағыз қызған шағы. Қазіргі уақытта Астана 54 ұпаймен әзірге турнирлік кестеде топ бастап келеді.

Кипрлік команда әрине, оңай шағылар жаңғақ емес, алайда осыған дейінгі кездесулер көрсеткендей егер «Астана» футболшылары барын салса, өтуге болатын ұжым. Елордалық команда биыл да жанкүйерлерді Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтіп қуантатына сенеміз.

Базарбек Қамысбаев

Бөлісу: