Астана қаласының ономастикалық тұжырымдамасы

1 Наурыз 2014, 09:52

Қазақстанның тәуелсіздік алуы – қазақ елінің саяси егемендікке қол жеткізуімен бірге оның тарихи-мәдени келбетін қалыптастыруға кеңінен жол ашты.

Мазмұны

 

  1. Кіріспе
  2. Атау берудің мақсаты мен міндеттері
  3.  Атау беру жұмысын ұйымдастыру, негізгі бағыттары, іске асыру  тетігі
  4. Күтілетін нәтижелер

 

  1. 1.                Кіріспе

Қазақстанның тәуелсіздік алуы – қазақ елінің саяси егемендікке қол жеткізуімен бірге оның тарихи-мәдени келбетін қалыптастыруға кеңінен жол ашты. Осындай тарихи-мәдени қалыптасудың үлкен бір арнасы елдегі ономастикалық атаулардың жаңғыруымен байланысты. Ономастикалық жұмыстар қоғамдық-саяси мәнге ие бола отырып, еліміздің барлық өңірлерін қамтыды.

Республикадағы ономастикалық жұмыстардың маңызды бөлігі еліміздің бас қаласы – Астана қаласымен байланысты болуы – табиғи құбылыс. Біріншіден, Астана – Қазақстан Республикасының егемендігін бейнелейтін жаңа тұрпатты қала. Яғни, бұл қалада Қазақстанның тарихи дамуын, қазақ халқының бай төлтумалық дәстүрлерін, ұлттың дара келбетін көрсететін ономастикалық айғақтар болуы тиіс. Мемлекет астанасында ұлттың тарихи жады айқын көрініс табуы табиғи құбылыс. Екіншіден, Елорда құрылысы ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы еуразиялық алып жоба болып табылады. Астананың қарқынды өсуі Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерінің айғағы екені күмәнсіз. Он жыл аясында ғана елордалық тұрғындар саны 3 есе өсіп, қала аумағы 4 есеге жуық ұлғайды. Яғни, қалада жаңа әкімшілік орталық, жаңа даңғылдар мен көшелер, алаңдар мен гүлзарлар, нысандар салынды. Осыларға атау қою қажеттілігі туындады. Үшіншіден, Астана – Шығыс пен Батыс нақыштары тоғысқан ірі мегаполис, үшінші мыңжылдық қаласына айналуда. Мұнда халықаралық деңгейдегі кездесулер, әлемдік маңызы баршаралар өткізіле бастады. Соған орай халықаралық ұйымдардан, әлемнің әртүрлі елдерінен ресми делегациялар, қоғам, мәдениет қайраткерлері, туристер келуде. Қонақтар Қазақстанға келгенде осы мемлекетке атау берген ұлттың тарихи-мәдени болмысымен, салт-дәстүрлерімен, жетістіктерімен танысады. Төртіншіден, Астана Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесіне ие болғанға дейін бұл қалада кеңестік жүйеден қалған көптеген ономастикалық атаулар сақталып келген. Осы отарлық, тоталитарлық жүйе белгілерінен арылу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бесіншіден, Астана ономастикалық ажары жағынан да еліміздің басқа өңірлеріне үлгі болуы тиіс. Міне осындай жағдаяттар Астана қаласының арнайы ономастикалық тұжырымдамасы болуын қажет етеді.

Бұл Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» 1997 жылы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы №3186 өкімімен мақұлданған Қазақстан Республикасының тіл саясаты Тұжырымдамасына, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсанындағы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 21 сәуірдегі №368 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясы туралы ережесіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысымен бекітілген ұйымдарды, теміржол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы физикалық-географиялық объектілерді атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс Тұжырымдамасына сәйкес әзірленеді.

Бөлісу: