Астана әуежайына екінші ұшу-қону жолағы салынады

20 Қыркүйек 2022, 10:02 945

Әуежайды одан әрі дамыту жөніндегі жоспар қаржылық көрсеткіштерді тұрақты жақсартуға негізделген әрі кәсіпорынның жаңа стратегиясының нәтижелерімен нығайтылмақ

Астана әуежайы екінші ұшу-қону жолағын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, таяудағы 5-6 жылда елдің басты әуе қақпаларының өткізу қабілетін ұлғайту талап етіледі.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» қолданыстағы ұшу-қону жолағы 2003 жылы қайта жаңартылғаннан кейін бұл бағытта басқа жұмыстар жүзеге асырылмаған. Биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, авиатасымалдар қарқынының өсуі мен әуежайды дамыту жөніндегі жоспарларға байланысты әуеайлақ учаскесін қайта жаңарту қажеттігілігі туындап отыр.

«Біз 2027-2028 жылдары жолаушылар ағыны артты, сәйкесінше бұл ұшу-қону жолағының өткізу қабілетін де арттыруды қажет етеді. Осы ретте жолақтағы, әуежай жолдары мен перрондағы жабынды, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықты ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Ұшу-қону жолағын жөндеу уақытша қолайсыздықтар туғызады, бірақ бұл мәселені шешуіміз керек», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзин әуе айлағын дамыту тұжырымдамасының тұсаукесерінде.

Сондай-ақ екінші ұшу-қону жолағын салу, арнайы экономикалық аймақ ашу және авиаотынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін теміржолдарды салу жоспарда бар.

«Жаһандық өзгерістер негізгі екі мақсатқа қол жеткізу үшін жүргізіледі. Алғашқысы, Астананың әуе айлағы жолаушылар ағыны мен орындалатын рейстер саны бойынша келесі жылы еліміздегі ең ірі әуе айлағына айналуы тиіс. Екіншісі – алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт еседен астам ұлғайту жоспарда бар», – деді спикер.

Әуежайды одан әрі дамыту жөніндегі жоспар қаржылық көрсеткіштерді тұрақты жақсартуға негізделген әрі кәсіпорынның жаңа стратегиясының нәтижелерімен нығайтылмақ.

2021-2022 жылдары азаматтық авиатасымалдардың уақытша тоқтатылуына байланысты әуе айлағының жұмысы транзиттік жүк рейстеріне жанармай құюға және оларға қызмет көрсетуге қайта бағытталды. Басымдықтарды қайта қарау қысқа мерзімнің ішінде несие берушілер алдындағы міндеттемелер мен қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемені өтеуге, сонымен бірге жұмыс орындарын сақтап қалуға және операциялық пайдаға шығуға мүмкіндік берді.

Бөлісу: