Астана тұрғыны такси жүргізушілерін алдаудың жаңа әдісін ойлап тапқан

6 Мамыр 2023, 20:49 6470

Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтықпен айналысқан 31 жастағы ер адамды анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Indriver» мобильді қосымшасын пайдаланатын такси жүргізушілері қаскүнемнің жәбірленушілеріне айналды.

Қазіргі таңда полицейлерге такси жүргізушілерінен 4 арыз келіп түскен. Олар 25 мың теңге көлеміндегі қаражатын иемденіп алған клиентке алданып қалғанын хабарлады.

Белгілі болғандай, жүргізушілер ұқсас жағдай бойынша алданған. «Клиент» мобильді қосымша арқылы мемлекеттік тіркеу нөмірлерін мекенжайға жіберу үшін такси шақырған. Әңгіме барысында ол жүргізушіге жол апатына ұшырағанын айтып, шұғыл түрде нөмірді жеткізуді өтінді. Сонымен қатар, ол такси жүргізушілеріне нөмірді алушы оны жеткізген кезде ақшаны төлейтінін айтып, 25 мың теңге сұраған.

Жүргізушілер келісіп, біраз уақыттан кейін көрсетілген мекенжайға келіп, алушыны таппай, телефоны өшірілген «клиентке» қоңырау шала бастаған.

Қазіргі уақытта барлық  жәйттер бойынша ҚР ҚК-нің 190-шы бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Полицейлер алаяқтың әрекетінен зардап шеккен такси жүргізушілері тағы көп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға, бейтаныс және бөтен адамдарға ешнәрсе сатпауға және ақша аудармауға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.

Берік Арманов
Бөлісу: