Астана театрлары жаңа маусымда көрерменге не ұсынады?

12 Қыркүйек, 16:00 637

Астана қаласында театрлар маусымы ресми түрде ашылып, жаңа қойылымдар көрермендерге жол тартты. Жыл сайынғы дәстүр бойынша елордадағы театрлар көрермендерін ерекше қойылымдармен қарсы алуда. Биылғы маусым әртүрлі жанрдағы ұлттық және халықаралық қойылымдармен ерекшеленбек.

«Астана балет» театры XII театр маусымын 28 қыркүйек күні сағат 18:00-де «Ballet Gala» концерттік бағдарламасымен ашады. Бағдарламаға театр репертуарының сан түрлі жарқын қойылымдары кіреді.

Гала-концерт – бұл нағыз би сиқыры, сезімдердің отшашуы және әртістердің керемет шеберлігі! Өнердің бұл түрі бір кеште сүйікті қойылымдардың үздік сәттерін қайта тамашалағысы келетін тұрақты көрермендерге де, театрдың қойылымдарымен алғаш танысуға келген қонақтарға да ұнайтыны анық. Көрермен жарқын костюмдер мен безендірулер аясында шебер түрде ұсынылатын жеке, дуэтті және жалпы балет нөмірлерінің үйлесімді тізбегін тамашалайды.

Кештің бағдарламасында классикалық және неоклассикалық қойылымдардан үзінділер, авторлық және ұлттық балеттер, сондай-ақ концерттік бағдарламалардан хореографиялық миниатюралар ұсынылады.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 64-ші жаңа концерттік маусымының салтанатты ашылу рәсімін өткізеді. Биыл концерттік маусым Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсы және ұйымның шығармашылық бөлімдерінің жеке концерттерімен ерекшеленбек.

«Astana Musical» мемлекеттік театрының жаңа маусымы 16 қазан күні сағат 19.30-да «Достар серті» мюзиклымен ашылады деп жоспарланған.

«Достар серті» мюзиклы – алғашқы қазақ мюзиклы. Мюзикл желісі 1960-70-жылдар кезеңінде өрбиді, еліміздің әр өңірінен арман қуып, консерваторияға оқуға келген және бір қалада тоғысқан төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғаларын, жалындаған жастық шақтарын, адал достық пен нағыз махаббат хикаяларын баяндайды.

Суреттер: «Astana Musical»

Аталмыш мюзиклға қазақ музыкасының «Алтын қорына» енген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болды. Сонымен қатар, әлемдік музыканың жарық жұлдызы «The Beatles» тобының репертуарындағы шығармалар және жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар орындалады.

Либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков; аудармашы, драматург – Әннас Бағдат. Қойылымның музыкасын жазған танымал дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері – «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.

Ал «Қуыршақ» театры жазғы маусымға жабылмай, жұмысын үзіліссіз жалғастыруда.

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры 21-24 қазан аралығында II Халықаралық «Almaty Puppet Festifal – 2024» қуыршақ театрлар фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Аталған фестифальге «Қуыршақ» театры Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымын апарады. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова.

Краснодар қаласында 1-5 қараша аралығында 3-ші Бүкілресейлік қуыршақ театрларының «Патриот» фестивалі өтеді. Жоғарыда аталған фестивальде «Қуыршақ» театры «Әкемнің хаты», Ирина және Ян Златопольскилардың «Қаршыға» әңгімесінің желісімен сахналанған спектакльдерді қояды.

Айта кетейік, бүгінде театрдың Г.Х.Андерсеннің  «Қайта оралған су перісі» ертегісі, « Қаңбақ шал» қазақ халық ертегісі, М.Арғымбаева «Элвин және жұмбақ орманның тұрғындары», А.Салаева «Алдар көсе жайлы не білеміз?» атты қойылымдары сұранысқа ие.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының 34-ші маусымы 11 қыркүйек күні сағат 19:00-де дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылды.

Cпектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов.

Сахнада Аға Абай рөлін Қазақстанның халық артисі Тілектес Майрамов, Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдады.

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен, Абай ойы, Абай философиясы өркендеп ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар, сахнада ұлы Мұхтар Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.

Театрдың қыркүйек айындағы репертуарына Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Д.Рамазанның «Жошы хан», С.Тұрғынбекұлының «Шәмші», Ж.Шайхисламұлы, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Г.Бюхнердің «Войцек», О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым», Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!.», Э.Филиппоның «Әйел құпиясы», А.Дударевтің «Кеш» спектакльдері мен халық аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестрдің концерттері еніп отыр.

Сонымен қатар, қыркүйек айында Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы (реж: Г.Миргалиева) Ақтау қаласында өтетін ІІI Халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестиваліне, Qalleki театр лабораториясының «Войцек» драмасы (реж: Ұ.Қабыл) Павлодар қаласында өтетін Ж.Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестиваліне қатысады.

Жаңа маусымның тағы бір жаңалығы – қазан айында көрермен назарына режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязовтың сахналауында «Фигароның үйленуі» (авт: П.Бомарше) спектаклінің премьерасы, желтоқсан айында Т.Әбдіктің «Парасат майданы» (реж: Ф.Молдағали) спектаклі премьерасының ұсынылуы болып отыр.

Астана қалалық «Жастар театры» жаңа ХVІII театр маусымын 11 қыркүйек күні сағат 19:00-де Е.Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен бастады.

Қойылым режиссері және идея авторы – театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай. Либретто: Ғ.Мүсірепов. Музыка: Е.Брусиловский.

«Қыз Жібек» – мәңгілік махаббат жыры. Шекті руының айдай сұлу аруы Жібек пен Жағалбайлы руының батыры, сері Төлегеннің арасында тұтанған сезім шоғы кіршіксіз махаббатқа ұласады. Алайда махаббат барда қызғаныштың да қатар жүруі өмір заңдылығы емес пе? Жібек аруға бұрыннан ғашық сол ауылдың Бекежан есімді батыры да сұлудан дәмелі көңілін жасырмай, махаббат үшін ашық айқасқа түседі. Қайшылыққа толы күрестің соңы орны толмас өкінішке ұласады...     

Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың «Жастар театры» сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бей-жай қалдырмады.

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры 2 қыркүйек күні сағат 19:00-де өзінің VII театр маусымын «Боранды бекет» драмасымен ашты.

Суреттер: Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры

Спектакль Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, режиссер Әзірбайжан Мамбетовтің 90 жылдығына арналды. Авторы – Шыңғыс Айтматов. Аударған – Шерхан Мұртаза. Режиссер – Уланмырза Карыпбаев. Қоюшы суретші – Алан Саймин​​​. Әр туындысы әлемге  әйгілі болған Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн...» романы тағдырдың тарамыс айыр жолдарын суреттеген ғасырлық туынды. Бір бойына Боранды бекет, Сарыөзек, ел іші, Жер планетасы сынды бірнеше ауқымды кеңістікті сыйдырып тұрған шығарманың айтары мол. Осы кеңістіктердің тоғысында жазушы қаламынан бас кейіпкер Боранды Едігенің кескіні қалыптасқан. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы нәтижесінде «Астана Опера» 7 қыркүйек күні сағат 18.00-де «Kazakh Opera Gala» концертімен XII театр маусымын ашты.

Суреттер: Астана Опера

Залдағы атмосфера үкілеген үмітке толы болды. Аталған шарада танымал қазақстандық композиторлар, опера сахнасының ардагерлері, атақты мәдениет қайраткерлері бой көрсетті. Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» туындысынан симфониялық оркестрдің алғашқы аккордтары естілгенде көрермендер қазақ даласына, оның дәстүрлері мен түп-тамырына сүңгіді.

«Kazakh Opera Gala» концертінің әрбір нөмірін бағдарлама авторы, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев мұқият іріктеді. Маэстро жауынгерлік эпостардан бастап лирикалық нөмірлерге дейін қазақ операсының барлық қырын көрсете алды.

Сонымен, бұл кеште «Астана Опера» сахнасы ұлттық опералардың түйіскен нүктесіне айналды, ал ондағы кейіпкерлердің бейнелерін дарынды әртістер жүзеге асырды. Олардың қатарында Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері-Ақтоқты» операсынан Ақтоқтының ариясымен көрермендер аудиториясына шыққан Ұлпан Әубәкірова бар, оның орындауы шынымен де жан тебірентерліктей болды. Талғат Ғалеев Еркеғали Рахмадиевтің аттас операсынан Алпамыстың «Кегім бар, кеудем толы-ай ала алмаған» ариясын таныстырды. Оның интерпретациясында Алпамыс ерлік пен батылдықтың бейнесіндей көрінді. Ал қуатты музыка мен оркестрдің нақышына келтіріп орындауы көрермендерді оқиғалардың қақ ортасына енуге мәжбүрлеп, ата-бабаларымыздың айтулы жеңістерін еске салды. Айгерім Аманжолова Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсынан Ақжүністің әнін керемет орындады. Еске сала кетейік, Ақжүніс – бұл қазақ операсындағы мүлде жаңа бейне, ол дәстүрлі нәзік кейіпкерлерге толығымен қарама-қайшы.

Әрі қарай бағдарлама қазақ опера дәстүрлерінің бар байлығын паш еткен ария, дуэт, симфониялық туындылар мен увертюралар тізбегімен жалғасты. Әсіресе театр примасы Жұпар Ғабдуллинаның Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсынан Зылиқа романсын, Мейір Байнеш пен Бибігүл Жанұзақтың М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан айтысты орындаудағы әртістік қабілеттері мен вокалдық шеберліктерін атап өтуіміз қажет. Бұл нөмірлер кез келген кедергілерді жеңіп шығатын нағыз махаббатты еске салды.

Кештің басы секілді, соңы да сондай қуатты әрі салтанатты болды. Алтынбек Әбілда мен Салтанат Мұратбекованың және хордың орындауындағы Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Беташар» қазақ халқының рухани мұрасы мен мәдени құндылықтарын бейнеледі. Ал кеш шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» увертюрасымен түрілді. Мұнда оркестр мен хор қазақ симфониялық музыкасының барлық қуаты мен әсемдігін паш етті. Көрермендер тік тұрып қол шапалақтады, ал «бәрекелді» деген қуанышты дауыстардың күшейе түскені сонша, бұл маэстро Алан Бөрібаевты сахнаға шығуға ынталандырды және соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің  орындалуына түрткі болды.

Бұл кеш мен үшін жаңа бір дүние болды. Бүгін оркестр, хор және солистер – Айзада Қапонова, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай, Жанат Шыбықбаев, Бейімбет Таңарықов, Расул Жармағамбетов, Сұлтан Бақытжан, Валерий Селиванов және тағы басқалары керемет өнер көрсетті, – деді «Астана Операның» тұрақты көрермені Гүлбану Ахметова залдан шығып бара жатқанда өз әсерлерімен бөлісе отырып.

Ал тыңдарман Омар Кекілбаев жоғары сапада орындалатын мұндай концерттер өте сирек өтетінін айтты.

Бүгінгі оқиға Қазақстанның ұлы композиторлық мектебіне деген құрмет пен тағзымның белгісі болып табылады. Батысеуропа композиторларының шығармаларынан құралған гала бағдарламаларды жиі ұшырастырушы едік, алайда қазақ классиктерінің мұндай бай мұрасының бірге жинақталуын алғаш рет көріп тұрмын. Сондықтан біз бүгін өнер көрсетудің ғана емес, сондай-ақ маңызды мәдени оқиғаның куәгерлері болдық. Ол бізге еліміздің бай музыкалық мұрасын еске салып, оның қазіргі әлемдегі маңыздылығын атап көрсетеді. Мұндай концерттердің орындалуы дәстүрге айналады деген сенімдемін. Бұл кеш жас композиторларды қазақ операсы мен симфониялық музыкасының ұлы дәстүрін жалғастыруға жігерлендірді деп ойлаймын, – деп сөзін қорытындылады Омар Кекілбаев.

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің V маусымын 5 қыркүйек күні сағат 19:00-де авторы Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» (инсценировка авторы Мирас Әбіл) музыкалық драмасымен ашты.

Сурет: Музыкалық жас көрермен театры

Қойылым режиссері – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл. Музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері). Қоюшы суретшісі – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев. Балетмейстрі – Шырын Мұстафина, хормейстрі – Ғалымжан Берекешев.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым – Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.

Суреттер: Музыкалық жас көрермен театры

Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады.

Сонымен қатар, жаңа маусымда да театр ұжымы сүйікті көрермендеріне дайындаған тың туындылары да жетерлік.

Театр ұжымы өз көрерменімен сағына қауышты. «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасында суреттелетін қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын  Абай Құнанбайұлының  бозаң қырда өткен балалық шағы мен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары  көрерменді бей-жай қалдырмағаны анық.

Астанадағы жаңа театр маусымы көрермендерге рухани әлемге терең бойлап, мәңгілік құндылықтармен қайта қауышуға мүмкіндік береді. Театр мен көрермен арасындағы байланыстың күштілігі – қоғамның мәдениетке деген сүйіспеншілігінің белгісі. Әрбір қойылым көрермен жүрегіне жол тауып, олардың жан дүниесін байытып, өнер арқылы адамзаттың асқақ армандарына жетелей бермек.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: