Астана төрінде алғаш рет шетел қазақтарының қатысуымен халықаралық өнер фестивалі өтті

7 Қараша 2018, 03:39 2678

Бейбітшілік және келісім сарайында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті.

«Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 9 елден 37 бауырларымыз ат шаптырып, өнерін көрсетуге келді. Кеше дөңгелек үстел барысында кейбір сұрақтар талқыланды, көптеген ұсыныстар тыңдалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V-ші дүниежүзі қазақтарының құрылтайында шетелде жүрген азаматтарға қолдау мақсатында қор құрып, қаржы жинау қажеттілігін айтқан болатын. Сол қорды бекітіп, төрағасы ретінде еліміздегі абыройлы ағамыз Нұртай Абықаев басқарып отыр. Бүгінгі фестивальді өткізуге «Отандастар» қорының азаматтары қомақты үлесін қосып, ат салысып отыр. Елбасының тапсырмасымен фестивальді алғаш рет өткізіп отырмыз. Бұл шара алдағы уақытта жалғасын табады деген үміт артамыз. Қолөнер саласындағы шетелде жүрген қандастарымыздың басын қосып, оны жалғастыруымыз қажет, себебі ол біздің дәстүріміз», — деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аясында үш номинация бойынша сайыс ұйымдастырылды: мүшәйра, терме және халықтық қолданбалы өнер.

Іс-шара ағаш, сүйек және киізден жасалатын бұйымдардың бірегей жасау технологиялары мен қазақ өнерінің ерек жанрларын (мүшәйра, терме) сақтауға және дәріптеуге, сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығын, Қазақстанда және шетелдерде тұратын отандас қолөнершілер, өнер қайраткерлері арасында екіжақты тәжірибе алмасуды қамтамасыз етуге, отандастарымыз арасындағы ақындар, терме орындаушылар және қолөнершілердің шығармашылық шеберлігін қолдауға бағытталған.

Қатысушылар арасында Парижден келген қандасымыз да болды. Құрманбек Дәуітханұлы Францияда медицина саласында зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Бір қызығы, отбасы мүшелері әлемнің түрлі мемлекеттерінде тұрып жатыр. Ата-анасы зейнеткер, ағасы – Қазақстан азаматы, Астана қаласында тұрады, сол себептен Қазақстанға сапармен жиі келіп тұрады. Бір әпкесі Қытайда дәрігер болып жұмыс істесе, екінші әпкесі Англияда медбике болып жұмыс істейді.

«Осы жолы «Қаситетті қазақ елі» атты Халықаралық өнер фестиваліне ақын Төлеген Айбергеновтың «Менің республикам» өлеңін оқуға келдім. Мектеп кезінде өнерге біраз бейім болдым. Жүргізуші де болып, өнер көрсеттік. «Рухани жаңғыру» сияқты жақсы бағдарламалар бар, концерттерге барып тұрамыз. Еліміз егеменді болғанымен, Елбасының арқасында мемлекет көптеген жетістірге қол жеткізді. Шет елде жүргенде, туған өлкеңді, өз мәдениетіңді, туған туысқандарды сағынған кездерде өлең жазуға шабыт келеді», – деп бөлісті Құрманбек.

Наурызбай Жарболсынұлы, Өзбекстаннан келген қатысушы:

— Бүгінгі шара дүниедегі қазақтарды бір біріне танытуға септігін тигізді. Дарынды кісілердің осындай ұлттық дәстүрде қолмен жасайтын бұйымдарын елге көрсетуге мүмкіндік туғызады. Ынтымақтастық пен бірлестікті тудыратын — Отан. Астана — Отанымыздың жүрегі болса, осы Отанмен бірге қауышып, сол арқылы өзімізді өзгелерге танытып жатырмыз. Сондықтан осы өнер фестивалі жалынды жастар болсын, дарынды бастар болсын, барлығы ата жұртпен қауышып, ыстық сағынышын, елге деген махаббатын, Астанаға деген үлкен сезімін білдіруде. Азаматтардың беделін, елдің айбарын танытатын да осы салтанатты мереке деп ойлаймын.

Қабыл Қайыпұлы, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Цэнгэл ауылынан келген қатысушы:

— Мен қолөнер сайысына Монғолиядан келдім. Қазақтың абақ керей ертоқымы, күміс жүгені, өрген жүген, белбеулері, қын мен пышақ, жүзік, түйме, білезік, ұстаған, арала қамшы деген бұйымдарын алып келдім. Керемет іс шараға қатысып, Астананың өркенін, еліміздің дамуын көріп, разы болып тұрмын. Халқымыздың мәдениеті, тұрмыс тіршілігі, қай жағын алсаңыз да озық болмаса, кем емес. Елімізді өркендетіп, халқымызды осындай дәрежеге жеткізіп отырған Елбасының еңбегіне тән ризамын. Астана өзіміздің жүрегіміз ғой, шет жақта, шалғайда жүрсек те, сағынамыз. Қазақстанда балашағамыз да, ағайын-туысымыз да бар. Мал шаруашылығымен шұғылданамын, арасында қолөнерім бар. Келген мақсатым – халқымды көру. Мүшәйраға жолдастарыммен келіп отырмын, ақын-жазушы болмасам да, тамашалап, қолдауға келдім. Алғашқы рет келуім.

Жалпы Моңғолия Халық Республикасынан фестивальға бес адам келді, екеуі мүшайраға, тағы екеуі халықтық қолданбалы өнер сайысына, біреуі терме номинациясы бойынша қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып отыр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: