12-14 желтоқсан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 350 балуан қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш дода 3 жас мөлшерін (ересектер, жастар және жасөспірімдер) қамтыған алғашқы Әлем чемпионаты. Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар, әрқайсысы 5 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтайды. Ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде (ерлер 8, әйелдер 4) белдеседі.
Әлемдік додада ұлттық құраманың өкілдері – Бекжан Төлепов (55 кг.), Марат Нигматуллаев (60 кг.), Нұр Аманшүкіров (66 кг.), Жұмажан Қожамбеков (74 кг.), Айдын Дартаев (82 кг.), Тоқтарбек Айдарбек (90 кг.), Марат Байқамұров (100 кг.) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг.) ересектер арасында ел намысын қорғайды.
Еліміздегі қазақ күресінен үш федерацияның басын біріктіріп, ұлттық күресімізді ел ішінде және шетелдік аренада насихаттап жүрген Qazaq kuresi Ассоциациясы биыл Біріккен күрес әлімінің (UWW) құрамына кірген болатын. Алдағы уақытта барлық халықаралық жарыстар UWW-мен бірлесіп өткізіледі.