Астана қаласы көз алдымда өсті – 35 жыл құрылыс саласында жүрген маман

11 Тамыз, 11:00 2002

Елімізде тамыз айының әр үшінші жексебісінде Құрылысшылар күні аталып өтеді. Биыл атаулы күн 11 тамызға тұспа-тұс келіп тұр. Қазақстанда құрылыс сұранысқа ие, жүгі ауыр және жауапкершілі мол мамандықтардың бірі. Сондықтан бұл салада кіл мықтылар ғана жұмыс істейді десек артық емес. Бүгінде еліміздің көркейіп, өркениеттің қалыптасуына септігін тигізген, ел дамуына елеулі үлес қосқан алтын қолды жандардың еңбегін атап өтпеске болмас. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі құрылыс саласында 35 жылға жуық қызмет еткен өз ісінің білікті маманы Бат Қоқымбаевпен сұхбат жүргізді.

Бат Қоқымбаев – 1960 жылы 12 шілдеде Жамбыл облысы Талас ауданының Ерназар ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласының ХХІІ партсъезд атындағы орта мектебін бітіріп, 1982 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. 1988 жылы институтты «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтады.

Еңбек жолын 1977 жылы «Қаратауфосфорстрой» тресінде ағаш шеберінің шәкірті болып бастады. Белсенді жұмыс істегені үшін бірнеше рет мадақтау марапатын алған. 18-20 жасында алты ай Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сержанттық мектепте оқып, бір жарым жыл Калинин облысының Андреаполь қаласында Кеңес армия қатарында борышын өтеді.

1981-86 жылдары Жамбыл теміржол бөлімінің Қаратау станциясындағы әскерилендірілген күзет атқышы, қарауыл бастығы орынбасары болып жұмыс істеді. Сөзінше, бұл кезеңдерде Жамбыл теміржол бөлімінің жұмысы жаңа инновациялық даму деңгейіне көтерілді. Қызметтік міндеттерді адал орындағаны әрі өзіне тапсырылған салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін бірнеше мәрте марапатталды.

1986-91 жылдары Бат Қоқымбаев «Фосфорстрой» ЖМК (жылжымалы механикаландырылған колонна) басқармасында мастер, учаске бастығы лауазымын атқарды. 1990 жылы салынған және 1993 жылға дейін бір миллион тоннадан астам өнім шығарған «Завод Окатышей» сияқты маңызды бүкілодақтық объекті құрылысына белсенді қатысты. Сонымен қатар Қаратау қаласындағы «Аяқ киім фабрикасы» мен «Фосфор кені комбинаты» құрылысна үлес қосқан.

1991-2006 жылдары Қаратау қаласының монтаждау басқармасында монтажшы, учаске бастығы, бас инженер қызметтерін атқарды. Бұл орталық жылумен жабдықтау жүйелерін жобалау, монтаждау, жөндеу және техникалық қызмет көрсетеді. Бат Қоқымбаев өзін білікті маман, кәсіпқой басшы ретінде көрсете білген.

2006 жылдан бастап «BI Group» компаниясында инженер-құрылысшы лауазымында болды. Әр жылдары құрылыс алаңының басшысы болып жұмыс істеді. Бат Қоқымбаевтың Астана қаласындағы көптеген құрылыс жобаларына елеулі үлес қосып, оның іске асуына басмашы болған. Оған дәлел елорданың сол жағалауында орналасқан ірі нысандардың бірі – ЭКСПО-да орналасқан 13 түрлі тұрғын үй кешені. Айта берсек, бұл тізімнің қатары көп.

Өткен жылы кейіпкеріміз құрылыс саласындағы еңбек жолын сәтті аяқтап, зейнетке шықты.

«BI Group» компаниясында 18 жыл қызмет еттім. Астана қаласы көз алдымда өсті деп айта аламын. Әр ғимараттың қалай құрылғаны, салынғаны, жүрер жолдары бәрі де әлі есімде. Бұл да бір тарих. Тарихты көзбен көріп, оның құрылуына атсалыстық. Әр жоба мен үшін ыстық. Жұмысты бар қалаумен, қызығушылықпен, жауапкершілікпен және ең бастысы адал жолмен істеу керек, сонда ғана жемісін, берекесін көресін. Құрылыс – бүгінде өркениеттің дамуына, қалыптасуына, жандануына бастамашы негізгі сала. Ол біздің беткі айнамыз, үйіміз, ортамыз және мәдениетіміз бен тарихымыз. Сондықтан қаланып жатқан әр құрылыстың, кірпіштің орны бар. Бұны осы салада жүрген әр маман түсінсе деймін, - дейді кейіпкеріміз.

2015 жылы Бат Қоқымбаев «BI Group» компаниясындағы 10 жылғы ерен еңбегінің арқасында және үздік нәтижелер көрсеткені үшін «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды.

Бат Қоқымбаев өзі атсалысқан жобалардың ішіндегі ең ерекшісі – құмыра пішінінде салынған «Astana music hall» нысаны жайлы айта кетті.

Мен үшін Астана қаласындағы ерекше нысандардың бірі – құмыра пішінінде салынған кешен. Ғимарат бір жылдың ішінде бой көтерді. 2013 жылы құрылысын бітіріп, тағы бір тарихи орынның есігін аштық. Сырт көзге өте әдемі көрінетін елордадағы ерекше архитектуралардың бірі деп айтсам артық емес. Ғимарат – байлықтың, дәулеттің нысанында салынғанын көруге болады, - дейді Қоқымбаев.  

Кейіпкеріміз елордадағы құрылыс нысандарының сапасын жоғары деп бағайлайды.

Бүгінде Астанада құрылыс қарқыны өте жоғары. Оған дәлел тұрғын үйлердің саны артып, жаңа аудандардың ашылуы. Тұрғындардың саны да жыл өткен сайын өсіп келеді. Соған байланысты адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін қалада бірнеше құрылыс компаниясы бір-біріне ұқсамайтын ерекше ғимараттарды салып жатыр. Әрине, барлық салада қателіктер мен кемшіліктер орын алып жатады. Дегенмен оны түзеу де өз қолымызда, - дейді маман.

Бат Қоқымбаев өркениетті дамыту, соң үлгідегі нысандарды құру үшін табиғитқа да залал келіп жатқаны жөнінде айта кетті.    

Құрылыс нысанын тұрғызатын кезде, көпір салатын кезде немесе жол салатын кезде бөгет болатын дүниелерді кейде алып тастап, өзгертіп жатады. Мысалы, сіз атап өткен Талдыкөл мәселесі. Қалаға тұрғын үй нысандарын салатын кезде көлшіктің белгілі бір бөлігі жойылып кеткені айқын. Оның үстіне құрылыс салу қаншалықты қауіпсіз деген мәселеге келсек, ол техникалық тұрғыда талапқа сай құрылса қауіпсіз. Дегенмен қаланың әсемдігі үшін табиғи көлшіктерді көмуге, жойып жіберуге өз басым қарсымын. Барынша табиғатты аялауға, оны сақтауға тырысуымыз керек - дейді кейіпкеріміз.

Осы уақытқа дейін Бат Қоқымбаев елордадағы 20-дан астам құрылыс жобасына үлес қосқан. Ол Қазақстанда өз ісінің білікті мамандары көп екенін айтады. Еліміздің тәжірибесі мен мүмкіндігін ескере отырып, құрылыс жобаларын іске асыру бойынша келіссөз жүргізетін шетелдік компаниялардың қатары көп екенін жеткізді.

Қазақстанның құрылыс саласындағы әлеуеті жоғары. Оған дәлел білікті, сауатты мамандарымыз. Осы уақыт аралығында бізден Өзбекстанның, Қырғызстанның, Грузия мен Ресейдің компанияларымен келіссөз арқылы жұмыс істедік. Мысалы, Ресейдің Ханты-Мансийк қаласында қазақстандық құрылысшы мамандарымыз үлкен жол торабын салып берді. Ол жақта күн суық, аяз, жұмыс қиын болды. Ресейлік мамандар қиналғаннан кейін біздің компанияның көмегіне жүгініп, келіссөз жүргізді. Сөйтіп, Ресейдегі үлкен жол тораптарының бірін салуға атсалысты. Бұл бізде мықты мамандардың жұмыс істейтінінің айқын көрінісі, - дейді маман.

Ол бүгінде құрылысшыларға жақсы жағдай жасалып, жұмыстағы қауіпсіздік талаптары жоғары деңгейде сақталатынын атап өтті.

Сөзінше, 10 жылдан астам салада қызмет кеткен мамандарға Францияға демалыс үшін тегін жолдама беріледі. Ал 20 жылдан астам еңбек еткен қызметкерлер Маями елінде еңбек демалысын тегін өткізу мүмкіндігі бар. Биыл құрылыс саласының үздіктері деп танылған 22 қызметкер Маямиге жолдама алыпты.

Бұрындары құрылыс саласында көп жылдар еңбек еткен қызметкерлер үйдің жарты бағасына пәтер алуына жағдай жасалды. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін сақталып келеді, - дейді Бат Қоқымбаев.

Айтуынша, елімізде құрылыс саласы бойынша білім алып жатқан жастардың қатары көп. Тіпті, өндірістік тәжірибеден өту үшін келуші студенттердің саны жыл сайын өсіп келеді. Бат Қоқымбаев жас мамандармен өз көрген-білгенін барынша бөлісіп, шәкірт те тәрбиелеген.

Миражан Махан
Бөлісу: