Қысқы мерекелер қарсаңында Ұлттық тасымалдаушы «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жаңа туристік электр пойызын іске қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл электр пойыз жолаушыларды Астанадан Бурабайға аралық аялдамасыз небәрі 2 сағат 26 минутта жеткізеді. Туристік пойыздың дизайны Астананың көрікті жерлері мен Бурабайдың әсем табиғатын бейнелейді.
Электр пойыз сейсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері күн сайын қатынайды.
Жаңа электр пойыз 574 жолаушыға арналған. Жайлы орындықтар «Комфорт Плюс» еуропалық стандартына сәйкес жасалған.
Жолаушылардың жайлылығы үшін пойызда микроклимат жүйесі, жылдам қуаттау үшін USB-розеткалар, ойын-сауық контентіне қолжетімді Wi-Fi желісі және велосипедтерге арналған бекіткіштер орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы көтергіштер мен арбаға арналған орындар қарастырылған.
Жобаны жүзеге асыруға «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Астана мен Ақмола облысы әкімдіктері, сондай-ақ, «Visit Aqmola» мен «Астана даму орталығы» ЖШС бірлесе жұмыс істеді.
Электр пойыз отандық өндірісте жасалған 6 заманауи вагоннан тұрады. Халықаралық стандарттарға сай келетін бұл электр пойызды қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ тарапынан жүргізілді.
Билет құны «Нұрлы Жол» станциясынан – 2770 теңге, «Астана» станциясынан – 2548 теңгені құрайды.
15 желтоқсаннан бастап Қазақстан бойынша жолаушылар және қала маңы пойыздарының жаңа қозғалыс кестесі күшіне енеді,осыған орай бұл электр пойызының кестесіне де өзгерістер енгізіледі.