Астана медицина университетін биыл мыңнан астам түлек тәмамдады

19 Шілде 2023, 06:23 1205

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мыңнан астам қазақстандық және шетелдік түлектер көптен күткен дипломдарын алды.

"Бүгінгі күн - бұл Астана медицина университеті мен студенттердің ата-аналарының мерекесі ғана емес, бұл бүкіл жоғары білім беру жүйесінің салтанаты. Денсаулық сақтау саласы ұлт денсаулығы үшін өзінің креативті және заманауи тәсілін енгізе алатын жаңа жас кадрлармен толықтырылуда. Университеттің табысты дамуы еліміздің адами капиталының өсуіне одан әрі ықпал ететініне және отандық денсаулық сақтауды қазіргі заманның барлық сын - тегеуріндеріне қарсы тұру үшін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін",-деген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың құттықтау сөзін медициналық жоғарғы оқу орны түлектерінің алдында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник оқып берді.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Т.Сұлтанғазиев өзінің құттықтау сөзінде Президент пен денсаулық сақтау саласындағы Үкіметтің белсенді қолдауын атап өтті. 

"Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық бағдарламаларды белсенді іске асыру саланың инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартуға, амбулаториялық және стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерді қайта жарақтандыруға, денсаулық сақтауды ақпараттандыруға бастамашылық жасауға, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға мүмкіндік берді", - деп атап өтті ол өз сөзінде.

"Диплом тапсыру рәсімі университет үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды оқиға болып табылады. Есіңізде болсын, диплом әлі сәттіліктің кепілі емес. Сіз күн сайын нақты өмірде емтихан тапсырып, өз ісіңіздің маманы екеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Алда мамандықтың қиын сынақтары тұр, халаттарыңыздың ар - намысы мен ақтығын сақтау маңызды", – деп атап өтті Басқарма Төрағасы-МУА ректоры Камалжан Надыров. Салтанатты рәсім барысында түлектердің атынан туған университеттің атына алғыс сөздер айтылды.

Салтанатты рәсімнің қызықты сәттерінің бірі түлектердің дәрігердің анты болды.

1964 жылдан бастап Астана медицина университетінің  қабырғасынан  28 мыңнан астам жас дәрігер оқып,  бітіріп шықты.

Бүгінде олардың көпшілігі Қазақстанда да, елден тыс жерлерде де танымал мамандар.

Берік Арманов
Бөлісу: