«Астана» концерт залында ерекше театр актерлерінің қойылымы өтті

7 Ақпан 2023, 16:02 1156
«Астана» концерт залында ерекше театр актерлерінің қойылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
 
"Елордамыздағы «Астана» концерт залында ерекше театр актерлерінің керемет қойылымын тамашаладым. Театрдың өзгешелігі – мұнда ерекше қажеттіліктері бар адамдар өнер көрсетеді. Ұлттық Дельфий комитетінің #Ereksheteatr актерлері физикалық мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан, асқан шеберлікті, рухты, өнерге, өмірге деген шексіз сүйіспеншілік пен үлкен жетістіктерге ұмтылысты көрсетеді, деді Асхат Оралов.
Көрермендер «Екеуміздің қанымыз бір» атты әлеуметтік драманың премьерасын тамашалады. Актерлер қимылдарды ыммен орындады.Театрда есту қабілеті бұзылған, ақыл-ойы кеш дамыған және басқа да дертке шалдыққан 25 актер қызмет етеді. Бірақ бұл олардың Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде танымал болуына еш кедергі келтірмейді. Мысалы, актерлер Қырғызстаннан келген қонақтардың зор қошеметіне бөленді.
"Осындай маңызды театр ұжымының барлық актерлеріне, педагогтарына, режиссерлер пен сурдоаудармашыларға және басқа да мамандарға алғыс айтқым келеді.Мен ұжымның жетістіктеріне тәнті болдым. Мысалы, бірнеше актерді отандық театрлар өздеріне шақырған екен. Нәтижесінде синдромы бар актерлердің сөздік қоры ұлғайғанын, мазасыздануы басылып, ұжымда өзара тіл табысу қабілеттерінің артқанын білдім. Ата-аналар мен мұғалімдер түрлі гастрольдік сапарлар, локациялардың өзгеруі актерлердің әлеуметтенуі мен әл-ауқатына оң әсер етіп жатқанын атап өтті. Инклюзивті ортаны құру - Мемлекет басшысы қойған міндеттердің бірі. Сондықтан біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер жасаудың жолын қарастырамыз" деп жазды министр.
EL.KZ
Бөлісу: