Астана бизнесмендер қаласы – Бейсен Жолболдиев

2 Қараша 2022, 18:12 3347

Шағын және орта бизнес елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бірден-бір тетік. Қазір Үкімет түрлі бағдарлама арқылы кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарды оқытып, сосын кәсібін бастап, дамыту үшін гранттар мен жеңілдетілген несиелер беруде. Міне, осы бағыттағы жұмыстар қалай жүруде? Біз соңы зерделеуді жөн көрдік. Ол үшін Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевті әңгімеге тартып, кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстарды сұрадық.    

– Жер жаһанға тараған коронавирустың салдарынан кәсіпкерлік субектілері қатты шығынға батты. Осы тығырықтан іскер азаматтар қалай шықты? Бүгінгі елдегі кәсіпкерліктің деңгейі қалай? Жағдай тұрақтанды деп айтуға бола ма?

– Пандемияның алғашқы 3 айында кәсіпкерлерге оңай болған жоқ. Көптеген кәсіпкер жұмысын тоқтатып, бизнесін жапты. Әсіресе туризм саласы қатты зардап шекті. Ал құрылыс пен өндіріс саласы өз жұмысын тоқтатпады.

2019 жылдан бері Астана қаласында қосымша 50 мыңға жуық жаңа кәсіпорын ашылды. 2019 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы басталып, 2020 жылғы пандемия кезінде бизнестің жаңа түрлері шыға бастады. Олар: онлайн, интернет дүкендер, SMM маркетинг, market place, сату, жеткізу сияқты бизнес түрі қосылды.

Кәсіптің жандануына сұраныс тікелей әсер етеді. Ал сұраныс халық санының көбеюімен артатыны белгілі. Қазір Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жылына 10-15 мыңға жуық кәсіпорын ашылуда.

Шыны керек, пандемия кезінде дағдарысқа ұшырап, жабылған кәсіпорындар бар. Бастапқы кезде ондай қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілері көп болса, бәсекелестік салдарынан олардың саны едәуір азайды.

Жалпы шағын және орта бизнес уақыт талабына сай өзгеруге икемді келеді. Олар нарықтағы өзгеріске, ауыртпашылыққа және дағдарысқа төзе біледі. Ал ірі кәсіпорындар құрылымын өзгертіп, жағдайға тез бейімделіп кетуі ұиын.

Пандемия кезінде Астана қаласында оқу орталығ мен балалақшалар көп ашылды. Бастапқы кезде бұл бизнес көзі емес, әлеуметтік сала ретінде қарастырылды. Бүгінде балабақшалар мен оқу орталықтары бизнестің түріне айналып, жұмысын жалғастыруда. Мысалы, елордада 350-ге жуық балабақша бар. Оның 100-ге жуығы мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік балабақшалар. Сонымен қатар, үйдің жанындағы дүкендердің саны 4000-ға жуық.

Бизнестің жол картасы бағдарламасы бойынша кәсіпті ашуға 5 миллион теңгеге дейін қаржыны кепілсіз алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ кәсіпкерлер Қарапайым заттар экономикасы және Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасы бойынша қаржылай қолдау алады.

Астана қаласында құрылыс экономиканың драйверіне айналды. Жылда 3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс саласының төнірегінде 100 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Елордада 600 мыңға жуық адам жұмысқа белсенді деп танылса, оның 70 пайызы бизнеспен айналысады. Бұрын Астананы мемлекеттік қызметкерлердің тұратын қаласы деп атаса, қазір бизнесмендердің қаласы деуге толық негіз бар.

Жалпы елорданың экономикадағы кәсіпкерліктің үлесі 72 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз дамыған мемлекеттердің қатарындағы көрсеткішпен тең. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Алдағы 5 жылда ел бойынша кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізуді жоспарда бар. Сондай-ақ, кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандарды 4,5 миллионға жеткізу керек, қазір бұл көрсеткіш – 3,5 миллионды құрайды.

– Елде жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылып жатқаны белгілі. Солардың ішінде шетелден келіп, кәсіп бастаған азаматтар бар ма?

– Шетелден келіп жатқан кәсіпкерлердің үлесі бар. Бірақ көп емес.

Астана қаласында 185 мың кәсіпорын болса, оның басым бөлігі жеке кәсіпкерлер. Бұл жерде гендерлік тұрғыда алып қарасақ, кәсіпкерлердің 48 пайызы әйелдер, 52 пайызы ерлер. Заңды тұлғалардың саны – 70-80 мың. Қазақстан бойынша 1,4 миллионға жуық кәсіпорын бар.  

Орталық Азияда Қазақстан инвесторларға тартымды әрі қолайлы мемлекеттің бірі. 2008 жылдан бастап жыл сайын 20 миллиард доллар инвестиция шетелден тартылды. Шетелдік инвесторлармен бірге заманауи технология, тың идея, креативті жобалар келеді. Соның нәтижесінде елімізде индустриялды аймақта 50-ге жуы кәсіпорындар іске асты. Онда түрлі саладағы заттар мен жабдықтар шығарылады. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығуда.  

Елде тағам өнімін шығаратын кәсіпорындар бар. Алайда азық-түлік өнімдерінің 35 пайызын шетелден импорттаймыз. Сондықтан стратегиялық тамақ өндірісін 100 пайыз қамтамасыз ету бағытында жұмысты жүйелеуіміз тиіс.

– Сіз пандемия кезінде туризм саласы қатты шығын келгенін айттыңыз. Қазір осы сала тұрақталып, көрсеткіші жақсара түскен болар?

– Қазақстанда туризм потенциалы жоғары саланың бірі. Жақында іскерлік туризм және гастротуризм ассосациясымен кездесіп, туризмді дамыту бойынша бірқатар мәселені қарадық.

Қазіргі туризмдегі талаптарға сәйкес, жаңа бағдарламалар іске асырылғалы жатыр.  Елдегі туристік елді мекендердегі сервистік қызмет сапасын арттыру маңызды саналады. Әлеуметтік инфрақұрылым өз деңгейінде емес. Сондай-ақ, жергілік туристік маршруттар санын арттырып, табиғаты ерекше орындарды насихаттау маңызды. Туристік жердегі коңақ үй мен жекежай да заманауи талаптарға жауап беретіндей ету керек-ақ.

Ассосация мүшелерінің айтуы бойынша, елдегі қоңақ үйлердің басым бөлігінде 25-30 пайыз ғана мейман қамтылады. Демалыс уақытында келушілердің саны тіптен азайып кетеді. Ішкі туризмді дамыту мақсатында елге шетелден турмен келген адамдарға демалыс күндері 50 пайыз жеңілдік істеуді қарастырылуда.

Биылдан бастап kids go free жобасы іске асырылды. Жоба ішкі туризмді дамытуға және адамдарға қолайлы болу мақсатында ұйымдастырылды.  kids go free арқылы ата-ана баласына өңірлерге баратын кезде 2 есе арзан бағада ұшаққа билет сатып алуға мүмкіндік берді. Жаңадан шыққан жүйе болғандықтан, шикіліктер жоқ емес. Операторлар бағаны өзінің қаражатынан төлеу керек және жылдың соңында министрлік тарапынан сол қаражат қайтаруы тиіс. Егер адамдар жаппай билет сатып алып жатса, операторлардың оған мүмкіншілігі жетпейді. Бұл мәселені де көтерген болатынбыз.

Астана қаласы елдің саяси орталығы болғандықтан туристер көп келеді. Елордада бір уақытта кемінде 100 мың адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз, өңірлер мен елді мекендерге қарағанда республикалық маңызы бар қалаларда мүмкіндік жоғары. Өйткені қоңақ үйлер көп және қызмет көрсету сапасы да жоғары.

– Қазақстанда туризм саласы бойынша бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру үшін қандай жұмыс жүргізілуде?   

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда бұл туралы арнайы тоқталды. «Бізге кіші және орта кәсіпті дамытуға 240 млрд-тан астам қаражат қажет». Соның өзінде  триллиондаған теңге банкте жатыр. Ішкі туризмді дамытуға күш салынып жатыр. Дегенмен Алакөлді алып қарасақ, әлеуметтік желіде халық «құны тым қымбат, шетелге барып келгенмен тең» екенін жазып та жатыр.

Ішкі туризмді дамытуға бағытталған бағдарламалар бар. Бірақ жеткіліксіз. Туризмді жаңадан бастап, кәсіп ашамын деген адамға мемлекеттен қаражат берілмейді. Несиелендіру екінші деңгейлі банктер арқылы іске асады. Ал банкке барған кезде үлкен дәрежедегі қаражатты алуы үшін кемінде кәсібінің 2-3 жылдық айналымы және жоғары табасының болуын талап етеді.

Елдегі туристер ең көп келетін, ұсыныс та, сұраныс та жоғары орынның бірі – Бурабай. Соған сай Бурабайда түрлі үйшіктер, қоңақ үйлер мен жеке жайлар ашылып, қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұған бәсекелістікті жоғары болуы әсер етуде.

– Мектепте жоғары сынып оқушылары және университетте студенттер «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша білім алады. Оқу бағдарламасына кәсіпкерлік туралы енуі бұл саланың дамуына әсері ете ме?

– 2019 жылдан бастап елдегі бірқатар мектеп пен университетте «Кәсіпкерлік негіздері» деген сабақ өтіп келеді. Алдымен бұл пән бойынша мұғалімдерді дайындадық. Мақсат – жас кәсіпкерлерді қалыптастыру, кәсіпкерліктің тәуекелдері мен табысы туралы түсінік бері.

Мектеп жасындағы оқушылар кәсіпкерлікке араласуына мүмкіндік бар. Алайда жасөсіпірімдер тек кәмелеттік жасқа толғаннан кейін ресми түрде бизнес батауына рұқсат ала алады.  

Жоба аясында Астана қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 мұғалімі кәсіпкерлік негіздері бойынша жоғары оқу орындарының 77 оқытушысын, орта мектептің 110 ұстазына біліктілігін арттыру курсын оқытты.

Ал біліктілігін арттырған мамандар шәкірттеріне кәсіпкерліктің әліппесін үйретті. Атап айтқанда, ЖОО-ның 5739 студенті, колледждердің 3000 студенті сертификатталды.   

  

Миражан Махан
Бөлісу: