Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Халықаралық жас хореографтар фестиваль-конкурсы өтті деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауқымды шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
Фестивальге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстанның шығармашылық ұжымдары қатысты. Бұл бірегей жоба ТМД елдерінің жас өнерпаздарын біріктіріп, хореография саласындағы шығармашылық идеялар мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Фестивальдің жабылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов министр Аида Балаеваның құттықтау сөзін оқып берді.
Бүгінгі байқау – тек шығармашылық жарыс емес, жас әртістердің өнер арқылы ата-бабаларының ерлігіне құрмет пен ризашылық білдіруге мүмкіндік беретін маңызды оқиға, – делінген министрдің құттықтау хатында.
Гала-концерт барысында жеңімпаздар есімі жарияланып, арнайы марапаттар табысталды:
Шетелдік қатысушылар не дейді?
Фестивальдің басты құндылығы – қатысушылардың тек өнер көрсетуімен шектелмей, рухани және мәдени байланыс орнатуына мүмкіндік беруінде. Әр елден келген делегациялар бұл сахнаны ортақ естеліктер мен шығармашылық шабыттың алаңына айналдырды.
Өзбекстан делегациясының атынан сөз сөйлеген Өзбекстан мемлекеттік хореография академиясының оқытушысы Кенжебаев Шерзод Алиевич бұл фестивальдің маңызын ерекше атап өтті.
Біз бұл байқауға қатысатынымызды естіген сәттен бастап дайындыққа кірістік. Қысқа уақыт ішінде үлкен жұмыс атқардық. Осындай кең ауқымды, тарихи мәні терең шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бұл – жас әртістер үшін тек шеберлігін көрсету емес, өз мәдениетін таныту мен рухани сабақтастықты сақтау алаңы. Біз екі хореографиялық қойылым ұсындық. Соңғы қойылым жас келіншектің соғыс жылдары сүйіктісін үмітпен, сеніммен күтуі туралы. Бұл – өзбек әйелдерінің адалдығы мен төзімділігінің көркем көрінісі», – деді ол.
Қырғыз Республикасы атынан келген делегация да фестиваль туралы өз әсерімен бөлісті. Қырғыз ұлттық университетінің хореография және мәдени қызмет факультетінің деканы былай дейді.
Біз фестивальге қараша айынан бастап дайындалдық. Құрамымызда 2 жетекші мен 4 қатысушы болды. Қатысушылардың бірі жеке бағдарлама ұсынса, қалғандары топтық би қойылымымен сахнаға шықты. Осындай ауқымды шараға қатысу — жас орындаушылар үшін үлкен тәжірибе. Қазақстанға, Қазақ ұлттық хореография академиясына, барлық ұйымдастырушыларға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай фестивальдер – тек өнер мерекесі ғана емес, ТМД елдерінің жастарын біріктіретін, достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды платформа».
Фестиваль аясында өткен шығармашылық кездесулер, идеялармен алмасу және ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастық – бұл шараның басты нәтижелерінің бірі болды. Қатысушылар өз мәдениетін паш етіп қана қоймай, көрермен жүрегінен орын таба білді.