Астана автопаркі 90-ға жуық автобуспен толықты

5 Шілде 2023, 10:49 814

Астана қаласына 90-ға жуық жаңа автобус жеткізілді. Осы айда тағы 40-қа жуық автобус әкелінеді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қоғамдық көліктің бір бөлігі – электр автобустары. Жаңа автобустар интеллектуалды бақылау жүйесімен, пандустармен және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы орындармен жабдықталған.

Жалпы, биыл қоғамдық көлік паркін 400 автобусқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, күн сайын желіге орта есеппен 900 автобус шығады. Осылайша, 400 жаңа автобус автопаркті едәуір ұлғайтуға, жаңа маршруттарды іске қосуға, қоғамдық көлікті күту уақытын қысқартуға, ескі автобустарды кезең-кезеңімен ауыстыруға және т.б. мүмкіндік береді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Автобустардың бір бөлігі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қоғамдық көлікті жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша, сол сияқты жеке автопарктердің қаражаты есебінен сатып алынды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: