Астана әуежайындағы метео жағдайға байланысты ұшақтар кешігуі мүмкін

10 Қаңтар, 23:21 768

Елордада 10 қаңтарда қолайсыз ауа райы болғандықтан жауған қалың қар мен қатты жел әуе тасымалына да өз ықпалын тигізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әуеайлақ қызметі 14:00-20:00 аралығында желдің жылдамдығы 22 м/с-дан 27 м/с дейін жетуі мүмкіндігі туралы хабарлама алды. Мұндай ауа-райында авиациялық қауіпсіздік мақсатында авиакомпаниялардың шешімімен әуе рейстері тоқтатылуы немесе кешіктірілуі мүмкін. 

Дәл қазір әуежайдың әуеайлағында қатты жел соғуда, оның жылдамдығы 11 м/с, алайда желдің екпіні 16м/с дейін жетіп тұр. Бүгін елорда әуежайында 75 рейс жоспарланған болатын. Оның 12 рейсі (4 ұшатын, 8 ұшып келетін)  ұшақтың кеш келуіне байланысты кешікті. Елордадағы қолайсыз ауа райына байланысты IQ389 Астана-Жезқазған бағытында ұшатын рейс тоқтатылды, - деп жазылған Астана халықаралық әуежайының ресми хабарламасында. 

Әуеайлақты қалың қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қазір бұл жұмыстарға  10 арнайы техника жұмылдырылған. 
Рейстер туралы ақпаратты Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан nn-airport.kz қарауға болады. Сондай-ақ елорда әуежайында тәулік бойы  байланыс орталығы жұмыс істейді 8(7172)702-999

Баян Әжмұхан
Бөлісу: