Астана әуежайында екі мас ресейлік ұсталды

25 Мамыр 2023, 19:50 613

Ресейдің екі азаматы масаң күйде ұшақта темекі шеккен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәскеу-Астана бағытындағы әуерейсі ұшып келгеннен кейін елорда әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне Scat әуекомпаниясы өкілінің актісі бойынша екі жолаушы берілді. 

Өтініш берушінің айтуынша, ер адамдар әуе кемесінің бортында ұшу кезінде электронды темекі шеккен және бортсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Көлік полицейлері тексеру кезінде масаң күйіндегі 36 және 46 жастағы Ресей Федерациясының екі азаматын анықтады. 

Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша құқық бұзушылар “жеңіл дәрежедегі” алкогольдік масаң күйінде болған.

Шетел азаматтарына қатысты ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі, 441-баптың 1-2-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 55 айлық есептік көрсеткіш (189 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 21 679 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келген – 2292, әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін 79 адам жазаланды.

Перизат Саденова
Бөлісу: