Астана әкімі су қысымына қатысты мәселе қашан шешілетінін айтты

1 Маусым 2023, 11:19 776

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су қысымына қатысты мәселе қалай шешілетінін мәлім етті. Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыдан біраз уақыт бұрын кейбір тұрғын үй кешендеріндегі сорғыларға байланысты қиындықтар туындап, «Астана Су Арнасы» су қысымын төмендеткен болатын. Қала әкімі бұл келеңсіздік біртін-біртін жойылады деп отыр. Себебі маусым айынан бастап жаңа ауыз су станциясы (ССС-3) кезең-кезеңімен қолданысқа берілмек.

Алдымен іске қосу әрі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жүйені тексереміз, содан кейін күніне 35 мың текше метр су береміз. Тамыз айында күніне 105 мың текше метр көлемде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаладағы сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Оның ішінде құрылыс жұмысы жүріп жатқан аудандар да бар. Алдымызда жылыту маусымының мәселесі де бар. Қала өсіп келеді, тұрғын үй, әлеуметтік және өзге де нысандар саны артып келеді. Оның бәрін жылыту керек. Қаламызда жылыту маусымы орта есеппен алғанда 7-8 айға созылады. Мұның бәрі тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің нысандарына үлкен күш түсіреді, - дейді әкім.

Қасымбек аталмыш мәселені шешу үшін екі газ жылыту станциясының («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») құрылысы басталғанын да тілге тиек етті.

Сондай-ақ ЖЭО-3 бойынша да жұмыс жүріп жатыр, ол құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналды. Осы нысандардың құрылысын аяқтап, 2023-2024 жылыту маусымына олардың қуатын ескере отырып, іске қосуды міндеттедім, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: