"Астана" – тұңғыш рет Қазақстан чемпионы!

9 Қараша 2014, 12:39

Елордалық «Астана» футбол клубы тарихында тұңғыш рет 2014 жылғы Қазақстан премьер-лигасының чемпионы атанды!

Елордалық «Астана» футбол клубы тарихында тұңғыш рет 2014 жылғы Қазақстан премьер-лигасының чемпионы атанды! Бұған дейін Астана клубы вице-чемпион атанған еді (2009 ж.). Сондай-ақ, Қазақстан кубогының да екі дүркін иегері (2010, 2012 жж.).

Астана Ішкі біріншіліктің жеңімпазы атануға жылда барын салатын клуб. Бірақ, қанша тырысса да бұл биіктен көріне алмаған еді. Енді осы көптен күткен жетістікке «Астана» командасын болгар маманы жеткізіп отыр. Станимир Стойлов бұрын Болгария ұлттық құрамасының да бас бапкері болған. Өте білікті маман екенін небәрі төрт айдың ішінде дәлелдеді. Команданы жасап үлгерді. Тек ойын шығарып қана қоймай, жетістікке де қол жеткізді.

«Мен келген кезде «Астана» клубы «Қайраттан» 8 ұпай қалып келе жатты. Жекелей мықты ойыншылар болғанмен, команда жоқ еді. Команда жасақтау үшін барлық қиындармен жолығуға тура келді. Қиындықсыз команда жасау мүмкін емес», – дейді болгар маманы.

«Келесі маусымда чемпиондар лигасының іріктеу сындарындағы маңызды алты матчқа дайындалу керек. Команданы қиын сәтте сүйрей алатын тағы бәсі жоғары екі-үш ойыншы қажет» деп отыр.

Ендігі ретте «Астана» клубы 2015-2016 жылғы чемпиондар лигасының іріктеу сындарына қатысып, топтық кезеңге қатысудың жолын қарастырады. Станимир Стойлов «Астана» командасын тарихында тұңғыш рет чемпион атандырғаны үшін 12 млн. доллар көлемінде сыйақы алып қалуы мүмкін.

Осыған дейін күміс те, қола жүлдені де қанжығасына байлаған астаналық клуб өз тарихында тұңғыш рет алтын медаль иегері атанып отыр. «Астана Арена» стадионында өткен 31-інші тур ойынында Қызылорда футболшыларын қабылдаған «Астана» командасы қарсыластар қақпасына жауапсыз үш доп соғып, әлі де алтыннан дәмелі болып жүрген «Қайраттың» үмітін біржола үзді. Олай дейтініміз, алматылықтар соңғы ойында «Ақтөбе» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалды. Осылайша екі үздіктің арасында төрт ұпай алшақтық пайда болды. Бұл – енді «Астанаға» ешкім жете алмайды деген сөз. Ал күміс пен қола жүлденің тағдыры соңғы турда шешілетін болады.

Премьер-лигамен қоштасатын Семейдің «Спартак» командасы бола ма деп ойлаймыз. Ал бірінші лиганың екінші орын алған командасымен плей-офф ойындарын өткізетін командалардың қатарында «Жетісу», «Тараз» және «Тобыл» бар. Сұрмергендер бәсекесінде әзірге қарсыластар қақпасын 15 рет дәл көздеген «астаналық» Фокси Кетевоама болып отыр. 

Әзірлеген – Досжан МЕЙІРБЕК.

Бөлісу: