Ассамблеяның тың бастамалары көпшілік қолдауына ие

18 Қазан 2018, 05:04 8948

Жыл өткен сайын қоғамымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны айқындалып, мәртебесі биіктеп келеді.

Соның айғағы Ассамблеяның жыл сайын атқаратын қызметінің ауқымы кеңейіп, өткізетін іс-шаралары да көбейе түсуде. Атап айта кетерлік жайт, Ассамблея тарапынан айтылатын ұсыныстар да көпшіліктің көңілінен шығып, қоғамымыздан тез қолдау тауып, ел игілігі үшін жиі іске асып жатады екен. Шын мәнінде, еліміздің дамуы жолында маңызы зор мұндай шаралардың Ассамблея тарапынан ұсыныс ретінде айтылып, жүзеге асырылуы ел ертеңіне, мемлекеттің болашағына деген сенімді нығайта түседі. Осы орайда тікелей Ассамблеяның ұйытқы болуымен жүзеге асқан, Ассамблея тарапынан ұсыныс ретінде айтылып, республика көлемінде іске асқан игі шараларға тоқтала кетуді жөн көрдік...

«Бірлік» аркасы бой көтермек

Сондай ұсыныстардың бірі күні кеше түркі дүниесіне ғана емес, еліміздің тұтастай оңтүстік өңірінің орталығына айналып отырған қасиетті Түркістан қаласында айтылды. Тұрғындарына табиғаты ерекше жайлы оңтүстігімізде түрлі ұлт өкілдері молынан мекен етеді.

Түркістан қаласында өткен тілдер мерекесінде өзге ұлт өкілдерінен құрылған этномәдени бірлестік өкілдері облыс орталығында осы өңірдегі түрлі ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстыратын композициялық кешен, атап айтқанда, «Бірлік» аркасын салу туралы ұсыныс айтты.

Осы өңірдегі Күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы тарапынан айтылған ұсыныс қызу қолдауға ие болды. Жылдар бойына татулығына  сызат түспеген, бірлігі жарасқан, ынтымағы келіскен, көп ұлтты еліміздің татулықты одан әрі тұғырлы етуге бағытталған бұл бастамасы алдағы уақытта жүзеге асарына сенім мол. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан қаласының тез арада бой көтеріп, орталық атына сай түлеуі үшін оңтүстік облыстың дамуына қолдау білдіру мақсатында  еліміздегі алдыңғы қатарлы компаниялардың басшыларына, кәсіпкерлерге осы өңірде бір ғимараттан салу туралы тапсырма берген болатын. Сәйкесінше, қалада театр, түркі халықтарының мұражайы, жастар орталығы, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін стадион және басқа да нысандар салуға тапсырма берілген-ді.

Әрқашан Ассамблея мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар Елбасы идеясымен астасып жатады. Осы орайда «Бірлік аркасы» да Түркістан қаласының келбетіне сай, Елбасы айтқан талаптарға сәйкес бой көтеріп, облыстың мәртебесін одан әрі айшықтайды деп күтілуде.

«Бірлік» аркасы салына қалса, ол осы өңірде талай жылдан бері ғұмыр кешіп келе жатқан, ұрпағы өсіп-өніп, тіпті қазаққа сіңіскені сонша, қазақ тілін толықтай меңгеріп алған, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отырған, бір шаңырақ астында бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша өзге ұлт өкілдерінің татулығының символындай болып, халықтың көзайымына айналар еді.

Әсіресе, осы оңтүстіктегі өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт, қазақ ұлтына сіңіскені соншалықты, қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып, қазақы салт-дәстүрді ұстанып, балалары қазақ мектебіне барып, қазақ тілінде де таза сөйлеуімен ерекшеленеді. Соның дәлелі – Түркістанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған Тілдер фестивалінде өңірдегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде ән шырқап, ана тілімізде өнер көрсетіп, тілге деген ерекше құрметтерін көрсетті.

«Қазақтану» жобасы да Ассамблея тарапынан айтылып, қоғам тарапынан қолдау тапты

«Қазақтану» жобасы да биылғы жылдың басында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиынында айтылып, қолдауға ие болған бастамалардың бірі. Осы орайда бір кездері «Халықтар достығының лабароториясы» делінген, еліміздің көп ұлтты ерекшелігінің бүгінгі күні іргесі берік, басқалар қызығып қарайтындай, қазақ ұлтының мәртебесінің көтеріліп, абыройының артып, ел бірлігі мен мемлекет дамуына атсалысатын институтқа айналуы көз қуантады.

«Барша қазақстандықтарға қазақ мәдениетінің, тарихының, философиясының біріктіруші күші, қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін» «Қазақтану» жобасының қажеттілігі жайында және оны әрқашан Достық үйінде, мәдениет үйінде Ассамблеяның философтары, жазушылары мен ойшылдарының айтып жүргені дұрыс екенін Ассамблея мүшесі Наталья Романова ұсыныс ретінде айтқан болатын.

Нәтижесінде басқалар тарапынан қызу қолдау тауып, бүгінде «Қазақтану» жобасы барша қазақ даласында кеңінен айтылуда. «Қазақтану» жобасының мақсаты туралы айтып өткен Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов мырза: «Қазақстанда қазақ тілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дін туралы көбіне қазақтілді журналистер жазады. Алайда, елде тұратындардың 30 пайызға жуығы әлі де мемлекеттік тілді білмейді. Сондықтан, Ассамблеяның осы жобасын орыстілді аудиторияға қарай бағыттаған жөн. Қазақтың тарихын, салтын, тілін өзге ұлт өкілдері тереңірек білсе, біртұтас ел ретінде ешкімнің алдында бас имейтін боламыз. Сондықтан, «Қазақтану» жобасын іске асыру кезінде басымдықты өзге ұлт өкілдеріне беруіміз керек», дейді. Яғни, қазақты тану, қазақты құрметтеу, қазақ болу, қазақты таныту идеясын насихаттау, қазақты зерттеу секілді ұғымдардың, алдымен, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің аузымен ұсыныс ретінде айтылуы еліміздегі барша ұлттың қазақ халқына деген зор құрметін, алғысын білдіреді.

«Қазақ халқына алғыс айту» ескерткіштері тұрғызылуда

2015 жылы сәуір айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде алғыс айту күнін бекіту туралы ұсыныс айтты. Елбасының бұл ұсынысын іліп әкеткен Ассамблея мүшелері, елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері бұл күнді Қазақстанды мекен еткен басқа ұлт өкілдерінің қазақтарға алғыс айту күні ретінде белгілеу керек екенін алға тартып, Елбасы шешімін қолдай кетті.

Сонау қиын-қыстау күндері талай өзге ұлт өкілдері елімізге ауып келді. Осыған орай Елбасымыз Сталин режімі жылдарында өз Отандарынан жер аударылған түрлі ұлт өкілдері елімізге вагондармен жеткізіліп, кең қазақ даласының кез келген ауылдарынан түсіріліп кеткенін, еш дүние-мүліксіз, аш-жалаңаш жер аударылып келгендерді қазақ ұлтының барлық ауылдары еш жатсынбай қабылдап, бір бөлмелі үйінің бір бұрышын босатып беріп, бір табақ асын бөліп ішкенін еске алды.

Бүгінгі күні елімізде өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт өкілі кезінде осындай жолмен жер аударылып келгендердің ұрпақтары екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда қазақ халқының дархан мінезіне, кең пейілділігі мен қонақжай қасиетіне, бауырмал қалпына алғыс айтып, өзге ұлттардың өз ризашылығын білдіруі ретінде 1-наурыз алғыс айту күні ретінде белгіленген болатын.

Қаншама ұлтты, тұтас буынды сақтап қалуға ықпал еткен жергілікті ұлт қазақ халқына ризашылығы ретінде артынша Ассамблея мүшелері «Алғыс айту ескерткіштерін» жер-жерде тұрғызу туралы ұсыныс айтып, артынша еліміздің әр өңірінен осындай ескерткіштер бой көтере бастады. Бұл да болса елімізде өмір сүріп жатқан талай ұлттың шын мәнінде «Алғыс айту күнін» қолдауының дәлелі болса керек. Қазір еліміз бойынша бірнеше қалада Достық үйлерінің жанынан «Алғыс айту ескерткіштері» бой көтерген. Достық пен бейбітшілік символындай болып, қазақ халқына құрмет ретінде тұрғызылған ескерткіштер бүгінде қалаларымыздың сәнін кіргізіп тұр.

Айта кетер жайт, жалпы мұндай мереке кейбір елдерде бұрыннан бар. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында  қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде алғыс айту күнін атап өтеді. Бұл күн, тіпті, 1789 жылдан бері «Ұлттық мереке» ретінде бекітілген. Тек бір айырмашылығы — оларда отбасы мүшелері, туған-туыс бір-біріне ризашылықтарын білдіріп жатса, бізде заманның қиын кездері қамқор болған жылы мекен, ыстық құшақтары үшін өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіріп, алғыс айту күні ретінде бекітілген.

Елімізді жүзден астам ұлт пен ұлыстың мекен етуі кездейсоқтық емес. 1930 жылдан бастап елімізге көптеген ұлттар қоныс тепті. Түрлі себептермен жер ауып келген өзге ұлт өкілдері елімізден пана тапты. 1936 жылы Орталық Қазақстанға, Қарағанды облысына мыңдаған неміс пен поляктарды әкеліп орналастырса, соның соңын ала Қызылорда облысына, Сырдың бойына кәрістерді көшіріп әкелді. Мұндай жаппай жер аудару жұмыстары 1940 жылдары да тоқтаған жоқ. Яғни, соғыс жылдары еврейлерді, қарашайларды, қалмақтар мен шешендерді, татарларды, гректерді, болгарлар мен армяндарды, әзербайжандарды кең байтақ қазақ даласына күштеп көшіріп әкеліп орналастырды. Қолдарындағы бір дорбасымен еріксіз көшіріліп әкелінген өзге ұлт өкілдері бүгінде қазақ жерінен қамқорлық көріп, білім алып, қызмет жасап, еш алалау көрмей өмір сүріп, өсіп-өніп, көбейіп отыр. Өзі де 30-жылдардағы аштықтан, 1941-1945 жылдар аралығындағы екінші дүниежүзілік соғыстан арып-ашып, азып-тозып отырған еліміз жаппай қоныс аударылғандарға іштарлық көрсетпей, барымен бөлісті, бауырына басты. Сондықтан, еліміздегі «Алғыс айту» күнінің атаулы күнге орай тұрғызылған ескерткіштердің маңызы зор деуге болады.

«Ұлы Дала Елінің киелі мұралары» — өткенге — құрмет, ұрпаққа — өнеге

Биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қолға алынып, аталмыш ұйымның идеясымен іске асқан игілікті шараның тағы бірі — Ұлы дала Елінің киелі мұралары акциясы.

Республика көлемінде ұйымдастырылған тарихи-экологиялық акцияның мақсаты — ата-бабамыздан қалған киелі мұра саналатын тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды, киелі жерлерді барынша насихаттап, кең көлемде дәріптеп, тұтас қоғамды рухани тұрғыдан жаңғырту болып табылады. Акция барысында талай батырлардың кесенелері, әулие бабаларымыздың мазараттарының маңы тазартылып, тәртіпке келтіріліп, құрмет көрсетілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко алдағы уақытта да мұндай өнегелі акциялардың жалғасын табатынын, ұдайы өткізіліп тұратынын, ал, бұл басталған шара күздің аяғына дейін жалғасып, Астанадан бөлек, Алматы қаласы мен Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында да жүзеге асатынын жеткізді.

Ал, былтыр «Ұлы Дала елі» акция аясында Қызылорда облысы мен Түркістан облысы аумағында талай тарихи мекеннің айналасы тазартылып, жаңғыртылған екен. Тарихы тереңнен тартатын, аса қасиетті саналатын мекендерді аралауға Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған. Бұл арнайы экпедицияның құрамына Ассамблея мүшелері, тарихшылар мен саяхатшылар және археологтар тартылған. Экспедиция арқылы барымызды бағалап қана қоймай, көзбен көріп, жақыннан сезіну үшін жастардың ел тарихын жете білуіне мұндай шаралардың тигізетін маңызы орасан зор.

Бөлісу: